$ 519.61  610.13  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда әкімшілік істер бойынша кассациялық сот қалай жұмыс істейді

Құқықтық жүйенің сәтті бастамасы

Қазақстанда әкімшілік істер бойынша кассациялық сот қалай жұмыс істейді
Фото: Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты

Бүгінде арнайы кассациялық соттарды құру бастамасы өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. Олар еліміздің сот жүйесіндегі ең маңызды жаңашылдықтардың бірі болып, сот практикасының біріздендірілуін қамтамасыз етуге және азаматтар үшін әділ сотқа қолжетімділікті арттыруға айтарлықтай ықпал етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кассациялық соттар 2024 жылғы 5 шілдедегі №109-VIII Конституциялық заңның негізінде құрылды. Аталған заң «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізіп, оны «Кассациялық соттар» атты 2-1-тараумен толықтырды. Олардың қызметінің одан арғы процесуалдық негіздері 2024 жылғы 21 қарашадағы №136-VII Заңымен реттелді, ол Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске тиісті өзгерістер енгізді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №748 «Кассациялық соттарды құру және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы» жарлығына сәйкес, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап елордада азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттар құрылып, олардың құрамына 90 судья кірді.

Төменде кассациялық соттың әкімшілік істер жөніндегі қызметіне қатысты қалыптасқан сот практикасының екі мысалы келтіріліп, олардың нақты іс материалдарында қалай жұмыс істейтіні көрсетілген.

Бірінші іс

Биыл Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот азамат Ж.Ф.-ның Тұрғын үй басқармасына қатысты – оны «толық емес отбасы» санаты бойынша тұрғын үй кезегінен шығару әрекетін заңсыз деп тану және кезекке қайта қою туралы талабын қарады.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен талап қанағаттандырылып, апелляциялық сот та оны күшінде қалдырған еді. Алайда жауапкер сот актілерімен келіспей, кассациялық шағым түсіріп, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын алға тартып, талапты қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.

Соттар істің мән-жайын қарау барысында төмендегілерді анықтады:

  • талап қоюшы Ж.Ф. 2002 жылдан бастап Ж.С.-пен некеде тұрған, үш баласы бар;
  • 2007 жылы жұбайы қайтыс болған;
  • 2012 жылы Ю.С. есімді азаматпен некеге тұрған;
  • Ю.С. 2002 жылдан бастап 2023 жылға дейін қатаң режимдегі түзеу мекемесінде жаза өтеген;
  • талап қоюшы 2014 жылы «толық емес отбасы» санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаждар тізіміне енгізілген;
  • 2024 жылғы 24 маусымда басқарма оны кезектен алып тастаған.

Соттар Ю.С.-пен неке талапкердің «толық емес отбасы» мәртебесін жоққа шығармайтынын көрсетті. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 1-бабы 29) тармақшасы мен «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 2-бабы 26) тармақшасына сәйкес, толық емес отбасы – баланы (балаларды) ата-анасының біреуі тәрбиелейтін отбасы.

Апелляциялық сот Ю.С.-тің талап қоюшының балаларын әкелік құқықпен қабылдамағанын, оларды тәрбиелеуге қатыспағанын, ұзақ жылдар бойы бас бостандығынан айыру орындарында болғандықтан отбасылық қатынастарды толыққанды орната алмағанын дұрыс көрсеткен.

Осылайша, талап қоюшының отбасы тұрғын үйге кезекке қойылған сәтте толық емес отбасы болып саналатын, ал оны кезектен шығару үшін заңды негіздер болмаған.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот алғашқы және апелляциялық соттардың шешімдерін өзгеріссіз қалдырып, жауапкердің кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.

Екінші іс

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот мемлекеттік мекеменің мемлекеттік сот орындаушысы Б.А.-ға қарсы – атқарушылық өндірісті тоқтату туралы қаулыны заңсыз деп тану және күшін жою туралы талабын қарады. Іс «А» ЖСШ -ның шағымымен кассациялық тәртіпте түскен.

Алғашқы және апелляциялық соттар талапты қанағаттандырған.

Мәліметтерге сәйкес, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот  «А» ЖШС-ны:

  • мемлекетке 17 356 950 теңге мөлшеріндегі залалды өтеуге;
  • кесілген ағаштардың орнына 7200 дана жапырақты ағаш көшеттерін отырғызуға міндеттеген;
  • жұмыстың орындалуы туралы уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге;
  • 3 жыл бойы егілген жасыл желектерді күтіп-баптауға;
  • тиісті актілерді ұсынуға міндеттеген.

Сот орындаушысы атқарушылық өндіріс қозғап, борышкерге белгіленген мерзімде орындауды жүктеген. Алайда  «А» ЖШС қажетті жұмыстардың дендрологиялық жоспар болмағандықтан орындалмай отырғанын хабарлап, кейбір сомаларды мемлекет кірісіне өтеген.

Сот орындаушысы атқарушылық өндірісті «орындау мүмкін емес» деген себеппен тоқтатқан.

Соттар МСО-ның әрекеттерінде заң талаптарын сақтамау болғанын атап өтті: ол шешімді нақты орындауға бағытталған шараларды қабылдамаған, тек тараптардың хаттарын тіркеумен шектелген.

Осы негіздер бойынша кассациялық сот төмен тұрған соттардың шешімдерін күшінде қалдырды.

Бүгінде Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын мемлекеттік органдармен дауларда қорғауда, әкімшілік әділ сотқа қолжетімділікті арттыруда маңызды рөл атқарып отыр.

Ербол Төлеуев,
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі
кассациялық сотының судьясы

Серіктес жаңалықтары