БҚО-да аязды күні адасып кеткен үш адамның мәйіті табылды
Олар аяздан үсіп өлген
БҚО-да аязды күні із-түзсіз кеткен үш адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Батыс Қазақстан облысында аязды ауа райында жоғалып кеткен бірнеше адамның бірі – 57 жастағы Жәнібек ауданының тұрғыны, 25 жастағы Бөкейорда ауданының тұрғыны және 35 жастағы Қазталов ауданының тұрғыны – денесі табылды. Олардың бәрі аяздан үсіп, қаза болған.
Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, 15 желтоқсанда ауа райының қолайсыздығы салдарынан жоғалып кеткен үш ер адамның денесі табылды.
Сонымен қатар, 54 жастағы Ақжайық ауданының тұрғыны тірі табылған, алайда қол-аяқтары қатып, үсік шалған. Қазіргі уақытта оны Орал қаласына жеткізді.
Қазіргі уақытта бір адам әлі де жоғалған болып есептеледі. Ол –Жәнібек ауданының 59 жастағы тұрғыны. Ол 13 желтоқсан күні сағат 21:00 шамасында қыстаудан шығып кеткен.
Жоғалған адамды іздеу жұмысына құтқарушылар, әскери қызметшілер, полиция қызметкерлері және жергілікті әкімдік қызметкерлері жұмылдырылған.