$ 519.61  610.13  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Хирург қызымның соқырішек екенін біле алмады»: жезқазғандық ана дабыл қағып, көмек сұрады

Екі жасар бала алты күннен бері жансақтау бөлімінде жатыр

«Хирург қызымның соқырішек екенін біле алмады»: жезқазғандық ана дабыл қағып, көмек сұрады
Фото: видеодан скриншот

Жезқазған қаласының тұрғыны денсаулық сақтау министрлігіне бейнеүндеу жолдап, екі жасар қызын шұғыл түрде санавиация арқылы Астанаға жеткізуді сұрады. Әйелдің айтуынша, баласы көпсалалы аурухананың жансақтау бөлімінде алты күннен бері ауыр халде жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қыздың анасы Альбина Кузьминаның айтуынша, жергілікті дәрігерлер қызының соқырішегін бірден анықтай алмай, уақыт жоғалтып алған. Соның салдарынан соқырішек ішінен жарылып кеткен. 

«Қызым алты күннен бері Жезқазған қаласындағы көпсалалы ауруханада, жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Ешқандай оң өзгеріс жоқ, қан құйды», – деді анасы бейнеүндеуде.

Анасының айтуынша, алғашқы алаңдатарлық белгілер 4 желтоқсанға қараған түні байқалған. Таңғы төрттер шамасында бала оянып, запыран құсқан. Таңертең жағдайы біршама тұрақты көрінгенімен, 4-інен 5-іне қараған түні іші қатты ауырып, температурасы көтерілген.

«Баланы құшақтап, күйеуім екеуміз көпсалалы ауруханаға асықтық. Қабылдау бөліміне келген соң, бізді қарау палатасына алып барды», – дейді әйел.

Қабылдау бөлімінде баладан қан талдауы мен биохимиялық анализ алынған. Температурасы 39,1 градус, ал лейкоциттер деңгейі 20,9 болған, бұл қалыпты мөлшерден айтарлықтай жоғары.

«Мен аппендицит шығар деп бірден айттым, себебі лейкоцит көп болса, сондай болады. Алайда дәрігер маған қарап тұрып, аппендицитті жоққа шығарды», – дейді анасы.

Оның сөзінше, балаға клизма жасалып, рентген түсірілген, пневмония, бронхит және вирустық аурулар жоққа шығарылған соң, инфекциялық орталыққа бару ұсынылған.

5 желтоқсан күні таңертең отбасы қайтадан ауруханаға келген. Бірақ Альбина Кузьминаның айтуынша, сол хирург тағы да аппендицитті жоққа шығарып, мезаденитке күмән келтірген.

«Дәл сол хирург келіп, ішін ұстатпай жылап жатқан баламды қайта қарап, аппендицит емес, мезаденит болуы мүмкін деді. “Инфекциялық орталыққа барыңыздар” деп жіберді», – дейді ол.

Осыдан кейін қыз бала инфекциялық орталыққа жеткізіліп, мезаденит диагнозы «күдікпен» қойылып, бақылауға алынған. Анасының айтуынша, алғашқы күндері хирург кеңесі де, УДЗ де жасалмаған, ал баланың қызуы мен ауырсынуы басылмаған.

Тек 8 желтоқсанда ғана УДЗ жасалып, жедел аппендицит анықталған. Қыз бала шұғыл түрде қайтадан көпсалалы ауруханаға жеткізілген.

«Қайта УДЗ жасалып, басқа балалар хирургі шақырылды. Ол бірден жедел аппендицит пен перитонитті көріп, шұғыл операция тағайындады. Ота шамамен 4 сағатқа созылды», – дейді анасы.

Операциядан кейін бала жансақтау бөліміне ауысқан.

«Қазір қызым жансақтауда бесінші тәулік жатыр, жағдайы  тұрақты ауыр», – деді Альбина Кузьмина.

Анасы денсаулық сақтау министрлігінен жағдайға араласып, баланы санавиация арқылы елордаға жеткізу мүмкіндігін қарастыруды сұрайды.

«Қызымның өмір үшін күресуге күші жоқ. Өтінемін, көмектесіңіздер. Бізді алып кетіңіздер, бір шара қолданыңыздар. Мен басқа кімге жүгінерімді білмеймін. Қызымды құтқарыңыздар», – деп жалынады анасы.

Серіктес жаңалықтары