Қарағанды облысында «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының ақтық сыны өтіп жатыр

Автор: Асыл Арман

«Бөгенбай батыр» жырын жатқа айту бойынша 7 аудан мен 6 облыстық маңызы бар қаладан 4200-ден астам оқушы және 2000-нан астам мұғалім қатысты

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысы әкімдігі мен «AMANAT» партиясының қолдауымен өткізіліп жатқан «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының облыстық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үш айдан астам уақытқа созылған жыршылар сайысы биыл тарихы терең Қарағанды өңірінде бастау алған болатын. Байқауға «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айту бойынша 7 аудан мен 6 облыстық маңызы бар қаладан 4200-ден астам оқушы және 2000-нан астам мұғалім қатысты.

Тыңдаушысын тәнті еткен талапкерлер 127 беттік, 4040 жолдан тұратын дастанды жаттап, шеберлігін көрсетті.

Ұлттық фольклорды сақтап, жыршылық өнерді дамытуға бағытталған байқаудың ақтық кезеңіне 39 өнерпаз жолдама алып, өзара бақ сынауда.

І орын – 1 000 000 теңге және демеуші тарапынан Қарағандыдағы жоғары оқу орнының біріне грант иеленсе, оның ұстазы 1 000 000 теңге және демеуші тарапынан жеңіл автокөліктің кілтін алады.