«Таразыда тәртіп»: «Астана» телеарнасында қылмыс пен заңбұзушылықтар ашық талқыланады
«Таразыда тәртіп» бағдарламасы көрерменге заң алдында бәрі тең екенін еске салады
«Астана» телеарнасындағы «Таразыда тәртіп» бағдарламасы елдегі қылмыс, жол-көлік оқиғалары және қоғамда алаңдаушылық тудырған өзекті мәселелерді назарға алып, заң мен тәртіптің сақталу деңгейін сараптайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Таразыда тәртіп» – ел ішінде болып жатқан қылмыстар, жол-көлік оқиғалары, заң бұзушылықтар, төтенше жағдайлар мен қоғамдық резонанс тудырған мәселелерді жан-жақты қамтитын бағдарлама. Жобаның басты мақсаты – қоғамдағы тәртіп пен заң үстемдігін насихаттау, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Бағдарлама барысында адам өліміне әкеп соққан қылмыстық оқиғалар, жол апаттары, тұрмыстық жанжалдар, еңбек қауіпсіздігіне қатысты мәселелер, сондай-ақ заңнамадағы өзгерістер мен депутаттар бастамалары кеңінен талқыланады. Оқиғалар тек ресми деректермен шектелмей, тілшілердің өңірлерден дайындаған репортаждары, куәгерлер пікірі және құзырлы орган өкілдерінің түсініктемелері арқылы беріледі.
«Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел». Мемлекет басшысының бастамасын халыққа түсіндіру маңызды. Бұл жаңа қоғамдық келісімнің іргетасында тұрған маңызды постулат. Кез келген азаматтың заң алдындағы теңдігінің конституциялық қағидаты сақталмаған жерде әділетті мемлекет құру мүмкін емес. Әрбір азамат құқығын қорғай білу керек. Ал тәртіп бұзғандар заң жүзінде жазалануы тиіс. Бағдарлама дәйікті деректермен көрерменге шынайы ақпарат береді», – делінген «Астана» телеарнасының мәліметінде.
Сонымен қатар, жобада қоғамда қызу талқыланып жатқан әлеуметтік түйткілдер – шетелдік нөмірлі көліктер мәселесі, жол қауіпсіздігі, самокаттарға қатысты заң талаптары, жалған ақпаратпен күрес, білім беру мекемелеріндегі тәртіп пен бақылау сынды өзекті тақырыптар қамтылады.
«Таразыда тәртіп» бағдарламасы көрерменге заң алдында бәрі тең екенін еске салып, құқық бұзушылықтың салдары мен жауапкершілігін нақты мысалдар арқылы көрсетеді. Бағдарламаны журналист Лаура Қуанышқызы жүргізеді.
Жоба эфирде тұрақты түрде көрсетіліп, қоғамдағы тәртіп пен әділдікті таразылауды мақсат еткен маңызды ақпараттық алаңға айналып отыр.
Олай болса, аптаның әр жұма күні сағат 14:00-де «Астана» телеарнасы қосулы болсын. Ал бағдарламаның өткен шығарылымын мына сілтеме арқылы көруге болады.