«Сендерге не болған, адамдар?!»: Әнші Бүркіт жанайқайын жеткізді (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Күте тұрыңыз десең, айналып келіп, терезеден басын шығарып, көзі аларып тұрады, дейді әнші

Фото: видеодан скриншот

Бүркіт деген лақап атпен танылған әнші Айбек Сейітов шыдамсыз адамдарды сабырлы болуға, айналасындағыларға құрметпен қарауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өнер иесінің айтуынша бүгінде халық қатыгез болып кеткен.

«Балаңды, туған-туысқаныңды жолдан түсіретін кезде көлік қоятын орын болмай қалады. Екінші қатарға тұрып, біреуге кедергі болып қаласың. Әрі кетсе 10-15 секунд. Сол кезде артыңнан келіп, психикалық ауруға шалдыққан адам секілді сигнал береді. Шошып кетесің. Кішкене алға жүресің. Күте тұрыңыз десең, айналып келіп, терезеден басын шығарып, ұрысқысы келіп, көзі аларып тұрады. Масқара ғой! Сабырлық деген қайда?», - дейді Айбек Сейітов.

Ол адамдардың бір-біріне құрмет көрсетпейтініне налыды.

«Сендерге не болған, адамдар?! Кішкене сабырлы болу керек қой. Бір-біріңді сыйласаңдаршы. Ондайда не істейсің? Жымиып қарайсың да қоясың», - деп түйіндеді әнші.

Желі қолданушылары Бүркіттің өте өзекті мәселені көтергенін айтып жатыр.

«Дұрыс айтасың бауырым, адамдардың жүзі суық», «Дұрыс айтады! Бұндай жағдай бәрімізде кездеседі! Бүркіт, осы мәселені көтергеніңіз үшін рахмет айтамын!», «Иә, сабыр етпейді, сұмдық енді, айта берсең таусылмайды...», - деп жазды олар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бүркіттің әйелі жайлы айтқан сөзі желіде қызу талқыланған болатын.