Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік төмендетілген бағамен сатылады: акция қай күндері өтеді
22-31 желтоқсан аралығында еліміздегі супермаркеттерде «Bereke fest» акциясы өтеді
Үкіметтегі инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кеңесте негізгі азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасын тұрақтандыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қараша айында қазанмен салыстырғанда азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі 0,9%-ға дейін баяулады, ал азық-түлік өнімдерінің бағасы өткен ай деңгейінде (1%) сақталды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына арналған баға индексі соңғы төрт апта бойы өзгеріссіз қалып отыр.
«Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жылыжай көкөністерінің, әсіресе қияр мен қызанақтың маусымдық қымбаттауын ескере отырып, шекарадағы өткізу бекеттерінде түрікмен көкөністеріне шұғыл түрде «жасыл дәліздер» ұйымдастыруды тапсырды», - деп жазылған үкімет таратқан хабаралмада.
Бұл шара әсіресе жылыжай өндірісі жеткіліксіз аймақтарды қолжетімді бағадағы көкөністермен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, 22-31 желтоқсан аралығында елдегі супермаркеттерде «Bereke fest» акциясы өтеді. Акция аясында фермерлерден тікелей жеткізілген әлеуметтік маңызы бар тауарлар төмендетілген бағамен сатылады.
Сонымен қатар өңірлерде ауыл шаруашылығы және жаңа жылдық жәрмеңкелердің саны артады: желтоқсан айында еліміздің барлық өңірінде 800-ден астам жәрмеңке өткізілмек. Тек өткен аптада 149 жәрмеңке ұйымдастырылды. Сауда комитетіне шалғай аудандарға, оның ішінде Маңғыстау, Ұлытау облыстарына тауар жеткізу бойынша көмек көрсету тапсырылды.