$ 522.38  612.6  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шымкенттің жедел жәрдем қызметіне 30 жаңа санитарлық көлік берілді

Сондай-ақ берілген құралдар қатарында нәрестелерге арналған инкубаторлар бар

Шымкенттің жедел жәрдем қызметіне 30 жаңа санитарлық көлік берілді
Фото: қала әкімдігі

Бүгін, 13 желтоқсан күні Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында қалалық жедел медициналық жәрдем қызметіне 30 жаңа санитарлық көліктің кілттерін табыс етті. Бұл – қала тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын арттырудағы маңызды қадам, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Техниканы жаңарту: басым бағыт

Мегаполис басшысының айтуынша, медициналық ұйымдардың және шұғыл қызметтердің материалдық-техникалық базасын жаңарту – әкімдік жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Жаңа Hyundai STARIA маркалы санитарлық көліктер заманауи медициналық жабдықтармен толық жабдықталған. Олардың жиынтығында кардиографтар, дефибриллятор-мониторлар, өкпені жасанды желдету аппараттары, сондай-ақ оттегі баллондары, арнайы зембілдер және қорғаныс қалқандары бар.

Демеушілердің көмегі

Әкім «Әл-Фараби фарм Лтд» ЖШС демеушілік қаражаты есебінен сатып алынған құрал-жабдықтарға арналған сертификаттарды да медициналық мекемелерге табыстады.

Берілген құралдар қатарында нәрестелерге арналған инкубаторлар; функционалдық және реанимациялық төсектер бар. Бұл құралдар жаңа туған нәрестелерді күту сапасын арттыруға және ауыр жағдайдағыпациенттерді тиімді емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жедел жәрдем қызметінің жұмысы

Қазіргі таңда қалалық жедел медициналық жәрдем қызметі 10 қосалқы станция базасында жұмыс істейді.

Тәулік бойы халыққа шұғыл көмекті 115 бригада, оның ішінде 28 дәрігерлік және 87 фельдшерлік бригада көрсетеді.

Қала әкімі Шымкент тұрғындары үшін денсаулық сақтау саласын жаңғырту және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасатынын баса айтты.

Серіктес жаңалықтары