Павлодар облысында заңсыз жүрген 183 шетел азаматы елден қуылды
Қазақстан Республикасының аумағынан 183 шетелдік азамат шығарылды
Павлодар облысының аумағында заңсыз жүрген 183 шетелдік елден қуылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өңір аумағында 2025 жылдың 11 айында тұрақты тұруға рұқсаты бар 1280 және уақытша тұруға рұқсаты бар 9136 шетелдік тіркелген.
Виза алу немесе уақытша әрі тұрақты тұруға рұқсат беру үшін құжаттарды қабылдау барысында жауапты қызметкерлер шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағында болу заңдылығын тексереді.
«Миграциялық заңнаманы бұзу фактілері анықталған жағдайда дереу тиісті шаралар қабылданады», – деп хабарлайды Павлодар облысының Полиция департаменті.
Аталған кезең ішінде шетелдіктерге қатысты түрлі құқықбұзушылықтар бойынша 2001 әкімшілік материал толтырылған.
Миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін сот шешімімен 183 шетелдік Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды.