Коронавируспен ауырғандарға баратын жедел-жәрдем көліктері жетпей жатыр – Цой
Республикалық бюджеттен қосымша 807 жедел жәрдем көлігі алынады
Қазақстанда коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты, 103 қыметі қауырт жұмыс істеп тұр. Азаматтарға баратын жедел жәрдем көліктері тапшы болған соң, ҮКімет республикалық бюджеттен қосымша 807 көлік сатып алады. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, қосымша мобильді бригадалар құрылып жатыр.
«Біріншіден, вирустың жеңіл түрімен немесе симптомсыз ауырып жатқандар адамдарға барып, амбулаториялық көмек көрсету үшін мобильді бригадалар құрылады. Қазір осындай 380 бригада құрылды. Қосымша тағы 3000 бригада құрылады. Олардың жұмысын төлеу үшін 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап, еңбекақысының тарифі өзгерді», - деп түсіндірді Цой.
Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, емханаға тіркелген халыққа учаскелік дәрігер мен салалық дәрігерлерден онлайн консультация ала береді. Емханаға коронавирус жұқтырды деген күдікпен келген адамдарды карантинге арналған бөлмеде тексереді.
«Ал, жетпей жатқан жедел-жәрдем көліктерінің санын толтыру үшін қысқа мерзімде әкімдіктермен бірге медициналық емес ұйымдардың есебінен жедел жәрдем көліктерін алу мәселесі шешіліп жатыр. Республикалық бюджет есебінен 807 көлік сатып аламыз. Оның 14і- жуық арада Нұр-Сұлтанға, 18-і Солтүстік-Қазақстан облысына беріледі», - деп мәлім етті Цой.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан