$ 514.74  599.36  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шетелде оқыған дәрігер, күрделі ота, жаңа технология: Шымкенттің денсаулық сақтау саласындағы реформасы

Дәрігерлер біліктілікті шетелде арттырып жатыр

Шетелде оқыған дәрігер, күрделі ота, жаңа технология: Шымкенттің денсаулық сақтау саласындағы реформасы
Фото: gov.kz

Шымкентте 2029 жылға дейінгі қаланың денсаулық сақтау жүйесін аймақтық дамыту бағдарламасы аясында бірқатар бастама жүзеге асырылмақ. Бағдарламаны іске асыру Шымкенттің денсаулық сақтау жүйесін Астана мен Алматының жетекші медициналық орталықтары деңгейіне жеткізуге, 2029 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығын 79,1 жасқа дейін арттыруға, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 60%-ға дейін, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін көтеруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бағдарлама бойынша ерте араласу және дамыту орталықтары ашылады, әмбебап прогрессивті патронаж моделін күшейту жоспарланып отыр. МЖӘ жобалары есебінен денсаулық сақтау саласына инвестициялар көлемі артады деп күтіліп отыр. Медицина саласын цифрландыруға, жасанды интеллекті, заманауи технологиялар мен робототехниканы енгізуге ерекше назар аударылады.

Сондай-ақ медициналық ұйымдардың ұлттық аккредитациядан өту үлесін 95%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар медициналық туризмді дамыту бойынша нақты қадамдар қабылданатын болады.

Ал осы стандарттар бойынша медицина сапасын арттыру үшін ең алдымен дәрігерлердің біліктілігін арттыру қажет. Осы орайда Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдардың 19 қызметкері Ресей Федерациясының алдыңғы қатарлы клиникалық базаларының бірі – Н.И. Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу медициналық университетінде кәсіби біліктілігін арттырды.

Біліктілік арттыру бағдарламасы аясында мамандар «Неонаталды хирургия», «Балалар хирургиясы», «Балалар хирургиясындағы эндоскопиялық оталар» секілді маңызды тақырыптарды терең меңгерді. Бұл тәжірибе шымкенттік дәрігерлерге заманауи тәсілдерді игеріп, қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жыл соңына дейін тағы 33 маман Литва мен Беларусьтің жетекші клиникалық базаларында оқытылады. Олар «Акушерліктегі шұғыл көмек», «Акушерлік-гинекология тәжірибесіндегі ультрадыбыстық диагностика», «Онкологиялық патологиядағы паллиативті көмек», «Торакалды хирургия» тақырыптары бойынша білім алады.

Ал 2024 жылы да шетелдік клиникалық орталықтарда 46 маман кәсіби деңгейін көтерген болатын. Бұл жұмыстар медицина саласында халықаралық тәжірибені кеңінен енгізуге және білікті кадрлар қатарын нығайтуға септігін тигізіп отыр.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы алдағы уақытта да отандық медицина мамандарының үздік шетелдік орталықтарда тәжірибе алмасуын қамтамасыз етіп, қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруды жалғастырмақ.

Олардың нәтижесі ретінде өңірде жасалған сәтті оталарды айтуға болады. Мысалы, мегаполисте алғаш рет медицина саласындағы аса күрделі әрі жоғары технологиялы операция сәтті орындалып, науқастың сынған сүйектері тіліксіз, артроскопиялық әдіспен алынды.

39 жастағы науқас сатыдан құлап, аяғын сындырып алған. Ең қиыны – жамбас буынының ішінде екі сүйек сынығы қалып қойған. Бұрын мұндай операциялар тек Астана қаласындағы ғылыми-зерттеу орталықтарында ғана жасалып келсе, енді жоғары технологиялы ем-шара Шымкентте де жүзеге асырыла бастады.

Буын ішіндегі сүйек сынықтарын алу – техникалық жағынан өте күрделі процесс. Асқан дәлдікті, мол тәжірибені талап ететін, арнайы жабдықпен, ашық тіліксіз, артроскопиялық әдіспен жасалатын ота жарақаттың аз болуын, тіндердің сақталуын және жылдам қалпына келуді қамтамасыз етеді. Операция сәтті өтіп, науқас жамбасының анатомиялық тұтастығы қалпына келтірілді. Бұл жетістік қалалық №1 клиникалық аурухана ортопедиялық травматологиялық қызметінің қарқынды дамуын көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары