Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жобалаудан бастап, нысандарды іске қосуға дейінгі барлық кезеңде бақылау жұмысын күшейту қажет екені атап өтілді
Петропавлда «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңес отырысы өтті. Оған қатысушылар мемлекеттік басқару саласындағы ашықтықты арттырудың жүйелі тетіктерін, қоғамдық бақылауды нығайту қадамдарын және Солтүстік Қазақстан облысында партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысын назарға алды, деп хабарлайды
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидаты қатаң сақталған жағдайда ғана өңір орнықты дамитынын атап өтті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – бір реттік акция емес, барлық басқару процесіне енгізілуге тиіс жүйелі жұмыс. Кез келген жетістіктің өзегінде ашықтық пен қоғам сенімі болмаса, ол өз құндылығын жоғалтады. Біздің міндетіміз – сыбайлас жемқорлыққа орын қалмайтын ойын ережелерін қалыптастыру», – деді ол.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов атқарылған жұмыс туралы егжей-тегжейлі есеп беріп, өзекті мәселелерді атап өтті. Оның айтуынша, ішкі бюджеттік тексеру аясында 1 млрд теңгеден астам соманы құрайтын қаржылық бұзушылықтар анықталып, 141 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Барлығы 369 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, әрқайсысы бойынша шара қабылданды.
Марат Тасмағанбетов цифрландыру қадамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы негізгі құрал болып қала беретінін атап өтті: «Бүгінде СҚО-да мемлекеттік қызметтердің 99%-ы электрондық форматта көрсетіледі, ал электрондық рұқсат беру қызметтерінің саны екі есе өсті». Сондай-ақ ол азаматтарды қабылдау орталықтарының қызметі мемлекеттік органдардың ашықтығын арттырғанын мәлімдеді: бір жылда 9 мыңнан астам өтініш келіп түсіп, лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне қатысты шағымдар саны 30%-ға қысқарды. Әлеуметтік-экономикалық даму туралы айта келе, ол «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жұмысының оң әсеріне тоқталды.
Қатысушылар 894 млрд теңге сомасына 7,8 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін 51 инвестициялық жобаны жүзеге асыру кезінде бюджет қаражатын ашық игеру мәселесіне ерекше назар аударды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жобалаудан бастап, нысандарды іске қосуға дейінгі барлық кезеңде бақылау жұмысын күшейту қажет екені атап өтілді.
Жиын барысында Мәжіліс депутаты, Кеңес мүшесі Мұқаш Ескендіров Ақжар ауданының тұрғындарынан келіп түскен өтінішті жеткізді. Онда азаматтар Казанка, Талшық ауылдарына және өзге де елді мекендерге апаратын жолдардың апатты жағдайы екенін мәлімдеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жол үсті – лай, батпақ және терең шұңқыр. Оған тіпті жүк көліктері батып қалады. Соның салдарынан ауылдарға қатынау қиындап, байланыс үзіледі. Тұрғындар мәселенің әлеуметтік маңызын да атап өтуде: ауыл азаматтары осы жолдар арқылы аудандық ауруханаға қатынауға мәжбүр. Осыған байланысты, тұрғындар бір емес, бірнеше мәрте өтініш білдіргеніне қарамастан, жол жөндеу жұмысы жүргізілген жоқ. Бұл мәселені Ақжар ауданының әкімі Рүстем Елубаев пен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаев бақылауға алды.
Өз кезегінде, Кеңес мүшесі Еркебұлан Құлбасов Петропавл әкімдігі 280 орындық балабақша салу үшін жалпы құны 340 млн теңгені құрайтын екі тұрғын үйді сатып алуына қатысты үлкен қоғамдық резонанс тудырған мәселені көтерді. Әлеуметтік желілерде бейнежазба тарап, оның авторы әділ бағалау мәселесіне күмән келтірді. Ол аталған үйлер тым жоғары бағаға сатып алынды деп мәлімдеді. Мемлекеттік сатып алу порталының дерегіне сәйкес, екі нысан да бір меншік иесіне тиесілі болған, ал жергілікті тұрғындар үйлердің біреуі бұрын 90 млн теңгеге сатылымға шығарылғанын атап өтті. Отырысқа қатысушылар бұл мәселе «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің бақылауында екенін атап өтті.
Республикалық кеңес мүшесі Нұрлан Әуесбаев өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жағдайдың үш жылдық талдау нәтижесін ұсынды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қатысты тіркелген қылмыстар санын ресми төмендегеніне қарамастан, жүйелі бұзушылықтар анықталуда. Әлеуметтік мекемелерде «өлі жандарға» жалақы төлеу жағдайлары тіркеліп, бірқатар маманға жалған акт рәсімделді», – деді ол.
Отырыс қорытындысы бойынша, Кеңес мүшелері өңірлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты күшейту және «AMANAT» партиясының жүйелі жұмысын нығайту бойынша ұсынымдар қабылдады.