Қостанайда айықтыру орталығындағы науқасты аяусыз ұрған санитар сотталып кетті (ВИДЕО)
Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін сотталды
Қостанайда айықтыру орталығындағы санитарлардың бірі пациентті ұрып-соққан іс бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай қаласы №2 сотында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша Т.-ға қатысты ҚК-нің 106-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қаралды.
«2025 жылғы 27 шілдеде шамамен 18:30-да Қостанай қаласындағы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының палатасында санитар Т. жәбірленуші К.-ға жеке бас араздығы негізінде, қасақана, оң аяғымен басынан бір рет және денесіне үш рет соққы беріп, оның өміріне қауіпті ауыр жарақат алуына себеп болған.
Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Т.-ға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және 10 жылға науқастарға күтім жасауға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің азаматтық талабын толық қанағаттандыруды талап етті.
Сотта Т. өз кінәсін мойындамай, әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады», – делінген сот хабарламасында.
Жәбірленуші мен оның өкілі қатаң жаза тағайындап, талапты қанағаттандыруды сұрады.
ҚР ҚК 106-бабы 1-бөлігінің санкциясы 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Істе сотталушының жауаптылығын жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайлар анықталған жоқ. Т. бұрын сотталмаған.
«Сот сотталушының жеке басын, жасалған қылмыстың ауырлығын, жәбірленуші К.-ға келтірілген зиянды өтеу жөнінде шаралар қабылдамағанын ескере отырып, әлеуметтік әділеттілік пен түзелу мақсатында оған ҚАЖ орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ, 5 жыл мерзімге науқастарға күтім жасауға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, Т.-дан моральдық зиян өндіру белгіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген сот үкімінде.
Айта кетейік, Қостанайда уақытша бейімдеу орталығы қарт кісіні аяусыз ұрып-соққаны хабарланған болатын.