Қайғылы жағдай Қызылқоға ауданында 6 желтоқсанға қараған түні болған
Атырау облысында аңшылыққа шыққан ер адам абайсызда қасындағы серігін атып өлтіріп алғаны туралы хабарлама тарады. Қайғылы оқиға облыстық Полиция департаменті растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай Қызылқоға ауданында 6 желтоқсанға қараған түні болған. 36 жастағы ер адам 39 жастағы серігін абайсызда атып өлтірді. Оқиға Аққора ауылына жақын жерде, Жасқайраттан 30 км қашықтықта, шамамен 02:30 кезінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар аңшылыққа шыққан және оған дейін алкогольдік ішімдік ішкен. Қару қолдану кезіндегі қателік адам өліміне әкелген.
Қазір оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, барлық мән-жай анықталып жатыр.
«Қызылқоға ауданы полиция бөлімі Аққора елді мекенінің маңында орын алған қылмысқа қатысты адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғады. 36 жастағы күдікті қамауға алынып, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», – делінген облыстық ПД-ның агенттік тілшісіне берген мәліметінде.