«Жаулап алды махаббат» әнін Бейбіт Қорғаннан тартып алдық – Мұрат Қожа

Автор: Алмас Ерсін

Продюсерлер бірден ұнатып, «осы әнді аламыз» деп шешкен

Фото: видеодан скриншот

Әнші Мұрат Қожа Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы «Бәрекелді» бағдарламасында «Жаулап алды махаббат» әнінің шығу тарихы туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жүргізуші «әнді Бейбіт Қорғанның өзі неге айтпады?» деп сұрағанда әнші: «тартып алдық» деп қалжыңдады. Содан кейін шын мәнінде қалай болғанын баяндады.

«Бейбіт бұл әнді студент кезде жатақхананың дәлізінде гитарамен жиі орындайтын. Біз де курстас болған соң қасына жиналып, тыңдап жүретінбіз. Кейін продюсерлер Нұрлан екеумізге рэп айтуды ұсынды. Сол сәтте Бейбіттің әні есімізге түсті. Продюсерлер бірден ұнатып, «осы әнді аламыз» деп шешті. Осылайша Бейбітпен келісімге келіп, әнді ресми түрде алдық», - дейді Мұрат Қожа.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мұрат Қожа алғашқы көлігін жаназада қарызын сұраған адамға бергенін айтқан болатын.

«Бұл көлікті маған сыйлаған Өмірбек ағам өмірден озды. Ол кісі біреудің көлігін алып кетіп, жолда жол апатына ұшыраған. Сол жерде қайтыс болады. Ал көлігі жарамай қалады. Сол автокөліктің иесі жерлейтін кезде жаназа алдында «қарызы бар ма?» деген сәтті «бар» деп айқайлап шықты. Ол менің көлігімді аударып тастады деді.

Сол кезде бәріміз тұрып қалдық. Мұндай айтылмайтын сияқты еді ғой деп бір-бірімізді қарасып қалдық. Сол кезде «қарызын өтейтін, мойнына алатын адам бар ма» деген сәтте, ойланбастан «мен төлеймін» деп шықтым. Сол кісіге бұйырған екен. Өйткені, маған ауыр болды. Сатып ақшасын бердім», - дейді Мұрат Қожа.

Айта кетейік, «Нұрлан мен Мұрат» дуэті 2000-шы жылдары аса танымал болған. Бұл топтың «Жұлдызым», «Шашы ұзын қыз», «Лейла», «Жаулап алды махаббат» әндері жұрт арасында кеңінен танылды.