Абай облысында Қазақстанның полиэтностық қоғамы туралы конференция өтті
Қазылар ең үздік жұмыстарды анықтап, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды
Абай облысында Қазақстанның полиэтностық қоғамы туралы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Конференцияға өңір колледждерінің студенттері қатысып, өз жұмыстарын білікті қазылар алқасының қарауына ұсынды. Қазылар ең үздік жұмыстарды анықтап, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Абай облысы ішкі саясат басқармасының облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының және этносаралық қатынастар мониторингілеу бөлімінің басшысы Мағжан Құрмановтың айтуынша, ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу тек білім беру тұрғысынан ғана емес, жалпы қоғам үшін де маңызды.
«Бүгін біз студенттер арасында «Полиэтникалық қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастық» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Қатысушылардың жұмыстарын қараған білікті қазылар алқасы ең үздіктерін анықтады. Бұл тақырып өте маңызды және жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Конференцияға қатысушылардың барлығын лайықты жетістіктерімен құттықтаймын», – деді Мағжан Құрманов.
Конференцияға қатысушы, «Семей» көпсалалы колледжінің студенті Дидар Наурызхан өз әсерін бөлісті.
«Мұндай конференцияларға қатысу біз үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Өз баяндамама дайындық барысында Абайдың шығармашылығын терең зерттеп, оның талантының жаңа қырларын таныдым. Дайындық кезінде Достық үйімен және Абай атындағы облыстық кітапханамен жұмыс істедім. Өте көп мағлұмат алдым, алдағы уақытта да осындай конференцияларға қатысуды жоспарлап отырмын», – деді Дидар Наурызхан.
Семей қаржы-экономика колледжінің студенті Әмина Талғатова да конференцияға арнайы дайындаған баяндамасымен бірінші орынды иеленгенін айтып, бұл тақырыпқа қызығушылығының артқанын жеткізді.
«Мен «Әртүрлі этностардың Семей қаласының экономикасына қосқан үлесі» атты баяндамаммен бірінші орын алдым. Бұл тақырыпты таңдаған себебім – облысымызда және жалпы елімізде көптеген этностың өмір сүретіні белгілі, бірақ олардың экономикалық өсімге қосқан үлесі көпшілікке беймәлім. Тақырыпты мұқият зерттей келе, оның өте терең екеніне және әлі де талай зерттеуді қажет ететініне көз жеткіздім», – деді Әмина Талғатова.