Павлодар облысында 800 орынға шақталған триаж-орталық пен провизорлық стационарлар ашылды
Маусым айында Павлодар облысында пневмониядан 27 адам қайтыс болған
Павлодардағы «Баянтау» спорт сарайында пациенттерді қабылдау мен диагностикалау орталығы, ал Мойылды мен Ақсудағы шипажайларда қосымша провизорлық стационарлар ашылды деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Павлодарда 2 шілдеден бастап триаж-орталық өз жұмысын бастады. Ол «Баянтау» спорт сарайында ашылып, сол жерде 150 провизорлық төсек-орын қойылған. Жедел жәрдем бригадалары бұдан былай пациенттерді ауруханалардан бөлек «Баянтаудың» ғимаратына жеткізеді. Дәрігерлер науқастарды диагностикадан өткізіп, стационарларға орналастырады. Орталық «таза» және «лас» аймақтарға бөлінген, әрі әрқайсысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес науқастарды қабылдау жолдары қарастырылған.
«Триаж-орталықтың іске қосылуы ауруханалар мен жедел жәрдем қызметінің жүктемесін азайтуы тиіс. Бұл жерде науқастарды госпитализациялау бойынша жедел шешім қабылдайтын тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейтін болады. Барлық медицина қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен толықтай қамтамасыз етілуі қажет. Персоналдың да, пациенттердің де эпидемиологиялық қауіпсіздігі аса маңызды», – деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов спорт сарайын аралау барысында.
«Мойылды» шипажайының ғимаратында бірден 500 провизорлық төсек-орын қойылды. Денсаулық сақтау басқармасының мамандары мен эпидемиологтердің бағалауы бойынша, бұл жер науқастардың ем қабылдауына жайлы, ал шипажайдың кірме жолдары ыңғайлы. Ғимараттың іші «аймақтарға» бөлінген. Бұл стационарға жағдайы ауыр емес науқастар жатқызылады.
Оқи отырыңыз: Маусым айында Павлодар облысында пневмониядан 27 адам көз жұмған
Ақсудағы «ЕЭК» АҚ емдеу-сауықтыру кешенінің негізінде 70 төсек-орын, ал «Еуразия» медициналық орталығында 80 төсек-орын қойылды. Қос ғимаратта да пациенттердің жайлы, әрі қауіпсіз жағдайда ем алуына жағдай жасалған. Осылайша, Павлодар облысында бір күнде қосымша 800 провизорлық төсек-орын дайындалды.