Павлодар облысында Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінен қару-жарақ табылды
Олар заңсыз аңшылық жасады деген күдікке ілінді
Павлодар облысында жол талғамайтын көлік пен кроссоверден қару-жарақ табылды. Қазіргі уақытта заңсыз аңшылық фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, полицейлер рейдтік іс-шаралар кезінде Май ауданындағы Қызылеңбек ауылынан 3 шақырым жердегі дала аймағында Toyota Land Cruiser 200 автокөлігін тоқтатқан.
Тексеру барысында тіркемеден екі арқардың және бір киіктің сойылған еті табылып, тәркіленді. Ал салоннан тегіс ұңғылы мылтық алынған.
Бұдан бөлек, Subaru Outback автокөлігі де тоқтатылған. Оның салонынан бірұңғылы карабиндер, тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, сондай-ақ 500-ден астам әртүрлі калибрдегі оқ-дәрілер табылып, тәркіленді.
«Заңсыз аңшылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тәркіленген еттер сараптамаға жіберілді. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады», – деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.