Алқабилерді іріктеу, төленетін ақысы, қауіпсіздігі: Бишімбаев ісін қараған судья заң нормаларын түсіндірді

Автор: Аягөз Құрмаш

Алқабиді қорлау 50 тәулік қамауға алып келеді

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Елімізде алқабилер қатысқан ең танымал сот отырысы азаматтық некедегі әйелін ұрып өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты болды. Сот отырыстарына алқабилер қалай таңдалады? Олардың қауіпсіздігі мен міндеттері, төленетін ақысы жайлы білу үшін Бишімбаев ісінде судья болған Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айжан Көлбаеваға сауал жолдаған едік, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заң бойынша алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүлiктерi мемлекеттiң қорғауында болады. Қылмыстық iстi жүргiзетiн орган, егер сотта мiндеттерiн атқарушы алқабиден тиiсті өтiнiш келіп түссе, сондай-ақ аталған адамдардың қауiпсiздiгiне немесе олардың мүлiктерiнiң сақталуына қауiп төнудiң басқа да айғақтары анықталған жағдайларда, алқабидiң, оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктердiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.

Судьялар, олардың отбасы мүшелерi мен мүлкi мемлекеттiң қорғауында. Егер судьядан тиiстi өтiнiш түссе, iшкi iстер органдары судья мен оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге уақытылы және түпкiлiктi «шаралар» қабылдауға мiндеттi.

АЛҚАБИДІҢ МІНДЕТІН ОРЫНДАУҒА КЕДЕРГІ ЖАСАУ

Көлбаеваның айтуынша, Конституциялық соттың судьясын, кез келген судьяны немесе алқабиді қорлау заң бойынша қылмыс болып саналады.

Егер біреу судьяны немесе алқабиді қорлап, ар-намысына тиетін сөз айтса, балағаттаса немесе қадір-қасиетін төмендететін әрекет жасаса, ол адамға мынадай жаза берілуі мүмкін:

  • 200 АЕК-ке дейін айыппұл(2025 жылы 1 АЕК – 3692 тг болса, бұл шамамен 738 400 теңгеге дейін);
  • 200 АЕК-ке дейінгі түзеу жұмысы;
  • 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс;
  • 50 тәулікке дейін қамаққа алу.

«Азаматтың алқаби міндетін орындауына лауазымды адамның кедергі жасауы  80 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмысына, не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 20 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. Конституциялық іс жүргізуді, сот төрелігін, сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыруға байланысты немесе сот ісін жүргізуге қатысуына байланысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттерi. Iстердiң немесе материалдардың Конституциялық сотта, сотта қаралуына байланысты Конституциялық соттың судьясына, судьяға, «алқабиге», сол сияқты олардың жақындарына қатысты өлтiрумен, денсаулыққа зиян келтiрумен, мүлкiн бүлдiрумен немесе жоюмен қорқыту 4  мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмысына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - дейді Айжан Көлбаева.

Оның сөзіне сүйенсек, алқабиге Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде белгіленген тәртіппен қылмыстық іс бойынша сот төрелігін жүзеге асыруға қатысу жөніндегі өкілеттіктер берілген. Қазақстан Республикасының алқабилері тең мәртебеге ие.

«Алқабилер сот отырысы залына келуі және сот отырысынан шығуы сот приставының алып жүруімен қамтамасыз етіледі. Сот залынан бөлек, алқабилерге ғимаратта демалыс бөлмесі қарастырылған. Аталған бөлмеге тараптардың қолжетімділігі - 0%. Сот приставы алқабилерді арнайы қызметтік лифтпен алып жүреді. ҚР ҚПК-нің 350-бабына сәйкес, төрағалық етуші мен алқабилер сот отырысы залынан алғашқы болып шығады. Сол себепті, тараптармен алқабилердің арасында байланыс болмайды», - дейді ол.

АЛҚАБИЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР МЕН МІНДЕТТЕР ҚАНДАЙ

Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне мынандай азаматтар енгізілмейді:

  1. алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде жиырма бес жасқа толмаған;
  2. өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар;
  3. сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар;
  4. судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi;
  5. психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар.

«Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне азаматтарды енгiзуге шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейді», - дейді төраға.

 Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен кімдер алынып тасталады:

  1. қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар;
  2. өздерінің дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар;
  3. алпыс бес жастан асқан адамдар;
  4. дiни қызметшiлер өздерiнiң жазбаша өтiніші бойынша.

Алқаби болу үшін іріктеу кезеңінде осы талаптар толығымен орындалуы тиіс.

«Алқабиге кандидаттарды іріктеу барысында сот залында кандидаттың тараптармен туыстық байланысы анықталса немесе кандидат іске жеке қызығушылық танытса, төрағалық етуші ол кандидатты іріктеуден шығару туралы қаулы етеді. Ол туралы сот отырысы хаттамасына жазылады және сот приставымен аталған кандидат сот залынан шығарылады», - дейді Көлбаева.

АЛҚАБИЛЕРГЕ ЕҢБЕКАҚЫ ТӨЛЕНЕ МЕ

Айжан Көлбаеваның айтуынша, алқаби ретінде сотқа қатысқан адамға мемлекет ақша төлейді.

«Іс толық қаралып біткеннен кейін немесе іс ұзаққа созылса, әр ай сайын төлем беріледі. Бұл төлем аудандық сот судьясының жалақысының жартысындай болады. Бірақ алқаби өз жұмысынан айырылмас үшін, оған төленетін ақша оның негізгі жұмыс орнындағы орташа айлығынан кем болмауы тиіс. Төлем тек алқаби сотқа қатысқан күндер санына қарай есептеледі», - дейді ол.

Сондай-ақ алқабидің мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады.

Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi.

«Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқару уақыты еңбек өтілін есептеген кезде есепке алынады. Алқабидің еңбегіне ақы төлеу 16-баптың талаптарымен жүзеге асырылады. Еңбекақы төлеу оның еңбек өтілі, мамандығы немесе әлеуметтік мәртебесіне байланысты емес», - делінген жауапта.

Оның айтуынша, алқаби сотқа келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, төрағалық етушiге келмеудiң себептерi туралы алдын ала хабарлауға мiндеттi.

«Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы заңда белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндігіне әкеп соғады.Алқабидің сот отырысына келмеуі орын алған жағдайда, төрағалық етуші алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiн. Себепсіз келмегені үшін қолданыстағы заңнамаларда айыппұл қарастырылмаған», - деді Көлбаева.