Беті мен мойнын кескілеп тастаған: Қарағандыда ер адам әйелін асқан жауыздықпен өлтірді
Ер адамға қатысты сот үкімі жарияланды
Қарағандыда 42 жастағы ер адам әйелін аса қатыгездікпен өлтіргені үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жетінші арна» таратқан мәліметке сәйкес, оқиға биыл маусым айында болған. Ерлі-зайыпты азаматтық некеде тұрған, сол күні олар қыздарының тойына барған, алайда іс-шарадан кейін үйінде жанжал шыққан.
Туыстарының айтуынша, ер адам бірге тұратын әйелін қатты ұрып-соққан, орындықпен ұрып, пышақ сұғып алған. Әсіресе әйелдің беті мен мойнын кескілеген. Кейін өзі мен пәтерін ретке келтіріп, жедел жәрдем шақырған.
«40 жастағы әйелді құтқару мүмкін болған жоқ. Оның артында үш қызы қалды, олардың ең кішісі – 15 жаста. Олар не себепті анасының соққыға жығылып, тиранмен қайта қосылып жүргенін түсінбейді», – делінген репортажда.
Нәтижесінде ер адам 18 жылға бас бостандығынан айырылды, алайда ол үкімді жеңілдету үшін апелляцияға шағым түсірген.