Қазақстанда 7 млн доллар айналымы бар есірткі тобының ізі кесілді

Автор: Асыл Арман

Қазақстанда халықаралық есірткі желілерінің жолы кесілді

Фото: istockphoto.com

Бас прокурор Берік Асылов мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында прокуратура құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, есірткі бизнесіне қарсы күрес бағытында күшейтілген шараларды іске асырып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, арнайы прокурорлар интернет арқылы ұйымдастырылған ірі есірткі желілеріне қатысты бірқатар қылмыстық істер бойынша тергеп-тексеруді аяқтап, сотқа жолдаған.

Шымкенттегі халықаралық есірткі желісі әшкереленді

Берік Асылов Шымкентте Telegram мессенджері арқылы жұмыс істеген халықаралық есірткі желісінің жолы кесілгенін атап өтті. Тергеп-тексеру жұмысы құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп жүргізілген.

«Прокуратураның бастамасымен қазақстандық жедел-тергеу тобына есірткі бизнесіне қарсы күресте халықаралық тәжірибесі бар АҚШ-тың Арнайы есірткі агенттігінің (DEA) қызметкерлері енгізілді», – деді бас прокурор.

Тергеу деректеріне сәйкес:

  • Қылмыстық схемаға 300-ден астам адам қатысқан.
  • Тек екі айыпталушы бойынша анықталған қаржы айналымы 7 миллион АҚШ долларынан асқан.
  • 24 адам ұсталды, олардың арасында Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтары бар.
  • 500 миллион теңгеден астам мүлік тәркіленді.
  • Ақша «дропперлердің» банк карталары мен лицензияланбаған криптобиржалар арқылы аударылып отырған.
  • Криптовалюталардың түпкілікті алушылары – шетел азаматтары.

Тергеу барысында Шымкент аумағынан екі есірткі зертханасы табылып, жойылды. Олардан:

  • 6,1 кг дайын мефедрон,
  • 330 грамм сатуға дайындалған есірткі,
  • 2,1 тонна прекурсор,
  • зертханалық құрал-жабдықтар тәркіленген.

Қылмыстық желі «Карбон», «DDD_Shym» және басқа Telegram арналарын пайдаланып, тек есірткі таратумен ғана емес, алғашқы тұтынушыларға оларды өндіру тәсілдерін де үйретіп отырған.

Ұлытау және Маңғыстаудағы операциялар

Бас прокурордың айтуынша, дәл осындай тәсілдер басқа өңірлерде де анықталған. Ұлытау және Маңғыстау облыстарының арнайы прокурорлары синтетикалық есірткі сатуға әлеуметтік желілерді пайдаланған екі ірі желіні әшкерелеп, істерді сотқа жіберген.

Ұлытау облысында «Kaef Mafia» Telegram арнасы арқылы жұмыс істеген есірткі дүкені жабылды. 6 айыпталушы қамауға алынып, цифрлық активтер мен криптовалюта әмияндарын қоса есептегенде 3,2 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне айналды.

Маңғыстауда «Dune-Operator 24/7» есірткі дүкенінің қызметі тоқтатылды. Шымкентке барған жолда жедел топ 1 миллиард 155 миллион теңге және 176 мың АҚШ долларын қолма-қол түрде тәркілеген.

Сонымен қатар сот бір кәсіпкердің банктік шотындағы есірткі бизнесінен түскен 1 миллиард теңгеге, сондай-ақ 734 228 АҚШ доллары (USDT) бар криптоәмиянға тыйым салған.

Берік Асыловтың айтуынша, бұл операциялар Қазақстанның құқық қорғау және арнаулы органдары қызметкерлерінің кәсіби, жүйелі және жанкешті жұмысының айқын көрінісі.

«Мыңдаған адам және олардың отбасылары есірткінің зиянды ықпалынан қорғалып отыр. Құқық қорғау және арнаулы органдар азаматтардың құқығын қорғау және тыныштығын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыра береді», – деп түйіндеді Бас прокурор.