«Мардымды жауап алған жоқпыз»: Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерін қатаң сынға алды
Ол Үкімет мүшелері қажет жағдайда өңірлерге шығып, шешім қабылдауы тиіс екенін айтты
Парламент Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың өңірлерге іс-сапарларының қорытындысы бойынша азаматтардың талап-тілектерін қарау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін шынында көп сұрақ қойылды, көп ұсыныс айтылды. Егжей-тегжейлі талқыланды. Десе де Үкімет тарапынан берілген біраз жауап мардымсыз болғанын атап айту керек. Нақты сұрақтарға көбіне сырғытпа, жалпылама жауап берілді. Нақты істерді көрсете алмады. Ол туралы жаңа фракция жетекшілері өз сөздерінде сынға алды.
Қанат Алдабергенұлы, бұл сұрақтың бәрін біз өңірлерге барып келгеннен кейін, күзде премьер-министрдің атына жолдаған болатынбыз. Өңірлердегі тұрғындардың мыңдаған талап-тілегі мен сұрағына, өкінішке қарай мардымды жауап алған жоқпыз. Бүгін осы мәселелердің орындалу барысын қарап жатырмыз. Келесі жылдың басында тағы да кездесу болады, ол кезде нақты нәтижелер күтеміз», – деді Ерлан Қошанов.
Ол өз сөзінде өңірлерде мәселе көп екенін, оны күні кеше өткен Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында белгілі болғанын тілге тиек етті.
«Оған өздеріңіз де қатыстыңыздар. Қаншама мәселе көтерілді. Түстен кейінгі 6 секцияның өзінде тағы да 100-ден астам мәселе ортаға салынды. Мемлекет басшысы сол жерде осы мәселелердің көбінің жүйелі шешімін ұсынды, нақты тапсырмалар берді. Олар қалай орындалады, қалай аяғына дейін жеткізіледі? Бұл Мәжіліс депутаттарының тұрақты бақылауында болады.
Көріп отырғанымыздай, әкімдер көтерген мәселелер мен өңірлерден жиналған талап-тілектер бір-бірімен байланысып жатыр. Олардың бәрін біз жақсы білеміз. Оны шешу бойынша күнделікті айналысуымыз керек. Келесі жылы осындай жиынымызда бұл мәселеге қайтып ораламыз.
Сөзімнің соңында бәріңізге ортақ жұмысымыз үшін ризашылығымды білдіремін. Шақырылған азаматтарға рақмет», – деді Парламент Мәжілісінің төрағасы.