$ 508.2  589.82  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Депутаттың әр сұрағының артында халықтың өзекті мәселелері тұр – Ерлан Қошанов

Ол Үкімет мүшелері қажет жағдайда өңірлерге шығып, шешім қабылдауы тиіс екенін айтты

Депутаттың әр сұрағының артында халықтың өзекті мәселелері тұр – Ерлан Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Парламент Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың өңірлерге іс-сапарларының қорытындысы бойынша азаматтардың талап-тілектерін қарау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрметті әріптестер! Бізде жақсы дәстүр қалыптасты. Жылына екі рет өңірлерге шығамыз, тұрғындармен кездесеміз, сайлаушылардың талаптары мен ұсыныстарын тыңдаймыз. Жиналған барлық сұрақты жүйелендіреміз және оларды шешу жолында бірлесіп жұмыс істейміз. Кейін үкімет мүшелерінің олардың орындалуы туралы есебін жария түрде тыңдаймыз. Бүгін көптеген сұрақ қойылды, ұсыныстар айтылды», – деді Ерлан Қошанов сәрсенбіде Мәжілістің пленарлық отырысында.

Дегенмен, оның айтуынша, кейбір сұрақтарға берілген жауаптар сенімді болмаған.

«Депутаттың әрбір сұрағының артында адамдардың нақты және өзекті мәселелері тұрғанын ұмытпауымыз керек. Қанат Алдабергенұлы (Бозымбаев, премьер-министрдің орынбасары), келесі кездесуде біз мәселенің шешімі бойынша нақты нәтижелерді күтеміз. Үкімет мүшелері қажет болған жағдайда өңірлерге шығып, шешім қабылдауы тиіс. Сол уақытта сұрақтарды қайта бағыттаумен немесе жауапкершілікті өзге біреуге аударумен шектелуге болмайды. Қоғам оперативті шешім мен нақты нәтиже күтеді», – деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов бүгінгі отырыста депутаттар азаматтардың ең өзекті сұрақтарын егжей-тегжейлі жеткізгенін де атап өтті.

«Оларды қайталаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Өңірлерде шынында да көптеген мәселе қордаланып қалған. Бұл туралы жақында өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында да айтылды. Сіздер де қатысып, қанша мәселе көтерілгенін көрдіңіздер. Түстен кейінгі 6 секцияда тағы 100-ден астам сұрақ талқыланды. Сол жерде мемлекет басшысы көптеген мәселе бойынша жүйелі шешімдер ұсынды, нақты тапсырмалар берді. Олар қалай орындалып жатыр? Нәтижесі қандай? Мәжіліс депутаттары бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстайды.

Көріп отырғанымыздай, әкімдер көтерген сұрақтар мен өңірлерден жиналған ұсыныстар бір-бірімен үндеседі. Бұл – жаңа мәселелер емес әрі олардың шешімі күнделікті міндетке айналуы тиіс. Бір жылдан кейін осындай форматта қайта жиналып, осы жұмыстың нәтижелерін бірге қарастыруды ұсынамын. Алдағы уақытта біз осындай форматты жалғастырамыз. Соңында бірлескен жұмысқа баршаңызға алғыс айтқым келеді!» – деп қорытты сөзін спикер.

Серіктес жаңалықтары