Дәретхана қағазындағы «Семей» атауы «Семейная» деп өзгертіліп жатыр
Абай облысының тұрғындары «Семей» деп аталатын дәретхана қағазын өндірушілерге наразы. Жергілікті белсенділер Алаштың астанасын қорлап, дәретхана қағазын қасиетті қаламен атағандарды жазалауды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.
«Семей» деп аталатын дәретхана қағазы жарнамаланып жатыр. Бұл дұрыс емес. Ұлы ойшыл Абай Құнанбаев дүниеге келген қасиетті жердің атына кір келтіруге болмайды. Жергілікті билік қатаң бақылауға алу керек. Қағаз өндіріп отырған кәсіпорын басшылығымен дереу байланыс орнатып, өндірісін тоқтатуды сұраймын», - дейді Болат Жүнісбаев есімді тұрғын.
«Семей» деп аталған орам Петропавл қаласынан шығарылған. Әзірге дәретхана қағазының сауда нүктелеріне қанша данасы таралып кеткені білгісіз. Алайда сатушылар жаңа жарнамаланған тауардың сатылымы да күрт артқанын айтады. Дегенмен бұны көрген тұтынушылар жағасын ұстаған. Қазір белсенділер «шаһарымызды бұлай мазақ қылуға жол бермейміз» деп отыр.
Жергілікті билік тұрғындар тарапынан шағым көбейгенін мойындап, кәсіпорынға шаһардың атын жазуды тоқтату туралы хат жолдағанын айтты.
«Семей тұрғындарынан «Семей» атауымен аталған дәретхана қағазына байланысты шағымдар түсіп жатыр. Дәретхана атауы қаламыздың атымен аталған және этика нормасын бұзылған. Осыған байланысты дәретхана қағазын шығаратын компанияға шағым хат жіберді. Бүгінде Семей атауымен дәретхана қағазын шығару тоқтатылды. «Радуга» ЖШС-і, «Семей» атауын «Семейная» деп өзгертіп жатыр. Ал сауда нүктелерінен ескі қағаз алынып жатыр», - деп атап өтті Семей әкімдігінің ресми өкілі Талшын Қалиасқарова.