Оның 1,7 млн теңге алимент қарызы бар екені анықталды
Алматы қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың алимент алу құқығын қорғауға бағытталған жұмыстарды күшейтіп, биыл 16 мың балаға 1 млрд теңгеден астам берешек өндіріп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратура алимент бойынша 1 741 757 теңге қарызы бар борышкерді анықтады, ол казинодан 4 миллион теңгеден аса ұтыс ұтқан, алайда үш айдан астам уақыт бойы міндеттемелерін орындаудан қасақана жалтарған.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен ол, ҚР ҚК-нің 139-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеуге сотталған.
Осы жылдың 10 айында қала прокуратурасының бастамасымен 14 борышкер алимент төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабыменалимент өндіріп алу туралы сот актілерін орындамағаны үшін 253 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде 16 мың баланың пайдасына 1 млрд теңгеден астам сомаға алимент берешегі өтелді.
Алматы қаласының прокуратурасы кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу міндеті ата-аналарға жүктелгенін еске салып, баршаны балалар алдындағы өз міндеттерін уақтылы орындауға шақырады.
Алимент төлеуден жалтару әкімшілік (ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы) және қылмыстық жауаптылыққа (ҚР ҚК-нің 139-бабы) әкеп соғады», – делінген прокуратура хабарламасында.