Қазақстанда 350 мыңдай адам құмар ойынның шырмауына түскен
Ойынқұмарлықпен күресу үшін қазір Мәжіліс депутаттарының қарауында «Ойын бизнесі туралы» заң жобасы жатыр
Елімізде 350 мыңдай адам құмар ойынға салынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Жеңіл табысқа құныққандар ұтылған ақшасын қайтарамын деп, соңғы 4 жылда 200-ден аса қылмыс жасаған екен. Оның ішінде қарақшылық шабуыл мен тонау бар. Ойынқұмарлықпен күресу үшін қазір Мәжіліс депутаттарының қарауында «Ойын бизнесі туралы» заң жобасы жатыр.
Депутаттардың қарауына түскен заң жобасында казино мен ойын залдарына арналған жаңа үш аймақ құру көзделген еді. Бұл - Мәдениет министрлігінің ұсынысы. Бірақ мәжілісмендер үшін бұл тым артық болса керек. Бурабай мен Қапшағайдағы «Лас-Вегастар» ойыншыларға жетер деген тоқтамға келді.
«Жаңа казино аймақтарын ашу бұл туристік бизнесті дамытуды көздемейді. Бір ғана сандарды сөйлетейін. Кезінде Қапшағайда 20 шақты казино жұмыс істейтін. Қазір олардың саны төрттен аспайды. Егер бұл ойын залдарында ойнауға Қапшағайдың өзіне адамдар келмесе, басқа жерде, мәселен, Маңғыстау облысында сұраныс болады, деп кім айтты. Сосын лото-клубтар мен лото-автоматтар жастар арасындағы игромания проблемасын шешпейді. Сондықтан біз жаңа заң жобасында лоторея бизнесінде қолданылатын автоматтарды казино аймақтарына шығаруды қарастырып отырмыз», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәкен Өтебаев.
Депутаттар казино аймақтарына букмекерлік кеңселерді де шығаруды меңзейді. Айтуынша, олар да жеңіл ақшаға құныққандарды ойынқұмарлыққа үйір қылып отыр.
Заң жобасының әлі қызу талқыланатыны белгілі. Осы орайда қазақстандық ойыншының орташа қарызы 10 млн теңге шамасында екенін айта кету керек.