Шілденің 1-і мен 20-сы аралығында қалада көптеген нысандардың жұмысы тоқтайды
Шымкентте күшейтілген карантин мерзімі 20 шілдеге дейін ұзартылды. Бұл туралы қаланың Бас мемлекеттік санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаевтың қаулысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Сауда орталықтары жұмыс күндері таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін істейді, ал сенбі-жексенбі жабылады, қоғамдық көлік те жүрмейді.
Шілденің 1-і мен 20-сы аралығында қалада мына нысандар жұмысын тоқтатады:
қоғамдық тамақтану орындары (ашық аспан астындағы дәмханалар мен тамақты үйге жеткізетіндер жабылмайды);
мектепке дейінгі ұйымдар;
спорт нысандары (құрамаларды Токио Олимпиадасына және Паралимпиада ойындарына дайындау үшін Ұлттық олимпиада комитетінде аккредиттелген спорт базаларын қоспағанда);
мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары (дамыту орталықтары, үйірмелер және тағы басқа);
сұлулық салондары, шаштараз, маникюр кабинеттері;
монша кешендері, SPA, сауна;
нан-тоқаш өнімдерін, фастфуд, балмұздақ, сусын сататын дүңгіршектер;
автокөлік жуу (өзіне-өзі қызмет етуге арналған бөлек орындар істей береді);
кинотеатрлар, түнгі клубтар.
Сауда орталықтары сенбі-жексенбі жұмыс істемейді.
Автосалондар, азық-түлік емес тауарлар сататын сауда орындары, сауда орталықтары, сауда үйлері, химиялық тазалау, кір жуу, шеберхана, ателье, кілем тазалау нысандары сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін істейді. Ал демалыс күндері жабылады.
Ашық аспан астындағы дәмханалар жұмыс күндері 9:00-ден 21:00-ге дейін ашық, сенбі және жексенбі жабық болады.
Бөлек тұрған азық-түлік гипермаркеттері, супермаркеттер, минимаркертер мен үй ауласындағы дүкендерге 10:00-ден 21:00-ге дейін, демалыс күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Жұмыс күндері қоғамдық көліктің жұмыс уақыты шектеледі: енді автобустар 07:00-ден 11:00-ге дейін және 17:00-ден 20:00-ге дейін жүреді. Ал, демалыс күндері қатынамайды.
Әдеттегі режим бойынша жұмыс істейтін орындар:
Пандемия басталғалы бері Шымкентте 3 мыңнан астам адам вирус жұқтырды, 705 науқас жазылып шықса, он бес адам қайтыс болды.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан