СҚО-да жыл басынан бері есірткі жасырып кетіп жүрген 13 әйел адам ұсталды

Автор: Асыл Арман

Полицейлер есірткі сатып жүр деген күдікпен тағы бір әйел адамды ұстады

Фото: СҚО ПД

Петропавл қаласының шетінде полицейлер «қалта» әдісімен синтетикалық есірткі таратты деген күдікке ілінген 48 жастағы әйелді ұстады. Тәртіп сақшылары оның сөмкесінен қызғылт түсті кристалл тәрізді зат салынған 15 түйіншек тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кейін ұсталған әйелдің көрсетуі бойынша осыған дейін жасырып кеткен есірткі орындары анықталды. Тәркіленген синтетикалық психотроптық зат – α-PvP, жалпы салмағы 40 грамға жуық болды. Бұл шамамен 300 бір реттік дозаға тең.

«Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жедел ақпаратқа сәйкес, әйел есірткі сатумен тамыз айынан бері айналысқан. Әдетте есірткі жасырушылардың көбі мұндай заңсыз әрекетпен үш айдан артық айналыса алмайды», – делінген облыстық ПД хабарламасында.

Жыл басынан бері облыс аумағында есірткі сату күдігімен 132 адам, оның ішінде 13 әйел ұсталды.