Астанада әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыруға арналған жиын өтті
Астана қаласының мәслихатында «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті
«Әйелдердің өңірлік деңгейдегі шешім қабылдау үдерісіне қатысуы» тақырыбында Астана қаласының мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отырысқа партияның хатшысы Шолпан Каринова, Астана қалалық мәслихатының депутаттары, серіктес ұйымдардың өкілдері, Нұра ауданы әкімінің орынбасары және елорданың белсенді әйелдері қатысты.
«AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының жұмысы шеңберінде гендерлік теңдік мәселелеріне, қоғамдық-саяси өмірде әйелдердің рөлін арттыруға, мүмкіндіктерін кеңейтуге және өңірдің дамуына әйелдердің үлесін арттыруға айрықша көңіл бөледі.

«Мемлекет басшысы айқындап берген әйелдер және отбасылық-демографиялық саясаттағы басымдықтар күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қатарында. Халқымыздың 51%-ы, партия мүшелерінің 65%-дан астамы әйелдер, осы орайда партия әйелдердің саяси көшбасшылығына қатысты ауқымды шаралар жүргізуде.
Әйелдер – қоғамның тұрақты дамуына үлкен үлес қосатын күш. Партияның басты бағыты – әйелдердің бастамаларын қолдау, олардың әлеуетін дамытуға жағдай жасау. Алдағы кезеңде әйелдер қанатының жұмысын одан әрі жүйелеуіміз керек», – деді «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова.
Жиын барысында қалалық деңгейлер бөлінісінде, әкімнің орынбасарлары, әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінде, сонымен қатар әкімдіктер, мәслихаттар жанындағы комиссиялар, кеңестердегі әйелдер саны, оның ішінде комиссиялар мен кеңестерді басқарудағы әйелдер саны, олардың белсенділіктері, атаулы органдарда әйелдер мәселесінің талқылануы, әйелдердің жауапты лауазымдарға тартылуындағы меритократиялық принциптің сақталуы, әйелдер мәселесімен айналысатын қоғамдық емес ұйымдар, олардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа қатысуы мен нәтижелілігі жайлы мәселелер қаралды.

«Астана қалалық мәслихаты «AMANAT» партиясы фракциясындағы 34 депутаттың 11-і әйел. Биыл біз елордалық әйелдердің қатысуымен 80-нен астам әлеуметтік жоба мен бастаманы жүзеге асырдық. Бұл – тек бастамасы. Келер жылы да әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған жобалар мен іс-шаралар легін жалғастыруға ниеттіміз», – дейді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Салтанат Жаналаева.
Отырыс аясында жыл бойы белсенділік танытқан бірқатар әйелге алғыс білдіріліп, тәжірибе алмасу мен жоспарлау форматында пікір алмасу жүргізілді.
«Әйелдердің әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін нақты жобалар үлкен қалаларда ғана емес, өңір-өңірде де қажет. Әйелдер қанатының қолдауы шалғай елді мекендерге де жетіп жатқаны қуантады. Партиямыздан сайланған депутаттардың белсенді қызметі жұмысты әрі қарай жетілдіру жолында маңызды рөл ойнайды», – деді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.