Президенттің айтқаны дәл келді: ЖАП 149 ғылыми тапсырмаға бөлінген 67 млрд теңгенің далаға ұшқанын мәлімдеді

Автор: Махан Миражан

Жоғары аудиторлық палата ғылымға бөлінген қаржыға аудит жасаған

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі артқанымен, оның экономикаға әсері төмен деңгейде қалып отыр. 2022-2025 жылдары ғылымға бөлінген қаражат 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен. Алайда ғылымның жалпы ішкі өнімдегі үлесі жоспарланған 1 пайыздың орнына 0,16 пайызды ғана құраған. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бірден айта кетейік, бұл мәселе бүгін ғана айтылған проблема емес. Өйткені, биыл 19-наурыз күні Алматыдағы Ғылым академиясына барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мемлекет ғылымға қаржыны аямай құйғанымен, оның халыққа тигізіп жатқан пайдасы көрінбейді деген еді.

«Өзімізді алдаудың не қажеті бар? Ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын көрмей отырмыз. Маған үш мыңнан астам қолданбалы ғылыми жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп танылғаны, ал нарыққа бар-жоғы 29 жоба шыққаны баяндалды. Өкінішке қарай, индустрияға әсері, қайтарымы өте аз», - деген еді президент сол күні.

Ал бүгін Құрылтайда Жоғары аудиторлық палатаның аудиті туралы есеп берген Әлихан Смайылов ғылымды қаржыландыруда бюджетке тәуелділік күшейіп бара жатқанын тағы да растады. Мемлекеттік қаражаттың үлесі 55 пайыздан 82 пайызға дейін артса, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелердің үлесі 13 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеген.

«Қаржыландыру көлемі ұлғайғанымен, тиісті технологиялық нәтиже болған жоқ. Бұл ғылымның мемлекетке тәуелді екенін және бизнес тарапынан сұраныстың жеткіліксіздігін көрсетеді», – деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов.

Ол ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың тұрақсыздығына да назар аударды. 2021-2025 жылдары қолданыста болған төрт бағдарламалық құжаттың үшеуі мерзімінен бұрын тоқтатылған. Сонымен қатар ғылыми зерттеулерге арналған шығындардың ЖІӨ-дегі жоспарлы үлесі 2 пайыздан 0,5 пайызға, зерттеушілер санының өсу көрсеткіші 50 пайыздан 7 пайызға дейін төмендетілген.

«Ғылым жөніндегі ұлттық баяндама іс жүзінде тоқтатылған. Ал Ғылым академиясының материалдарын және форсайттық зерттеулерді міндетті түрде қарау және іске асыру тетігі жоқ», – деді Смайылов.

Оның сөзінше, ғылыми зерттеулердің басымдықтарын анықтау мен ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастыруда да кемшіліктер бар.

«Басымдықтардың мәні – міндеттерді нақты іріктеу. Өйткені мемлекеттің оларға жұмсайтын ресурстары шектеулі», – деді ол.

Алайда 2025-2027 жылдарға арналған жеті басымдық пен 153 арнайы мамандандырылған бағыт бекітілген. Смайылов мұндай тәсіл кез келген зерттеуді басым бағытқа жатқызуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Ғылыми-техникалық тапсырма түпкілікті нәтижені, тексеру параметрлерін және енгізу тетіктерін қамтитын нақты басқару тапсырмасы болуы керек. Алайда тапсырмалар бірқатар жағдайда нәтижесі мен оны тексеру өлшемшарттары жеткілікті нақтыланбай, жалпылама түрде қалыптастырылады», – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Аудит нәтижесінде 2023-2025 жылдары бекітілген 393 ғылыми-техникалық тапсырманың 149-ы орындалмағаны анықталған. Оларға 67 млрд теңге қаражат қарастырылған.

Сонымен бірге, 2025 жылғы аудиттен кейін ғылым саласындағы бірқатар мәселе бойынша шаралар қабылданған. Үкіметке сегіз ұсыным, аудит нысандарына 88 тапсырма беріліп, бүгінде олардың жартысынан астамы орындалған.

Атап айтқанда, Ғылым қоры арқылы тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді гранттық қаржыландыру заңнамалық тұрғыда қарастырылып, ғылыми сараптама, аккредиттеу және апелляцияларды қарау тәртібі реттелген. Сондай-ақ ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізуді растау және коммерцияландыру жобаларының сату көрсеткіштерін анықтау әдістемесі бекіген.

Естеріңізге сала кетейік, наурызда Алматыға жасаған сапары кезінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездескен президент  ғылыми қызметкерлер туралы ұятта болса шындықты айтқан еді. Яки, Тоқаев заманауи өндіріс құруға бөлінген жер телімдері қазір қаңырап бос тұрғанын, ал жер теліміне тікелей жауапты Ғылым қоры мемлекет қаржысын қайтармағаны өз алдына, тіпті, құқық қорғау органдарына да шағымданбаған да.