Үкіметте Қазақстанның цифрлық активтер саласын дамыту мәселесі қаралды
Қазақстан тек цифрлық активтер айналымы жүретін ел емес, осы салаға арналған өз өнімдерін әзірлейтін және білікті мамандар даярлайтын мемлекетке айналуы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысы цифрлық активтер нарығын дамыту үшін қажетті жағдай жасалғанын, енді толыққанды экожүйе қалыптастыру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бұл бағыт жаңа инвестициялар мен технологияларды тартуға және қазақстандық қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бектенов нақты активтерді токенизациялау арқылы экономикаға қосымша қаржы тарту мүмкіндігін атап өтті. Оның айтуынша, инфрақұрылымдық жобалар мен жылжымайтын мүлік нысандарын цифрлық үлестерге бөліп, оларды инвесторларға ұсынуға болады.
Сонымен қатар премьер-министр цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейтуді тапсырды. Ол цифрлық теңгені мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыруға, төлем инфрақұрылымын жаңғыртуға және мемлекеттік сатып алулар мен корпоративтік операциялардағы есеп айырысуды автоматтандыруға пайдалануды ұсынды.
Үкімет басшысы криптовалюта индустриясындағы алаяқтық тәуекелдерінің де артып отырғанын айтты. Осыған байланысты азаматтарды цифрлық ортадағы алаяқтықтан қорғау және киберқауіпсіздікті күшейту бойынша жұмысты жалғастыру керек екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Бектенов цифрлық активтер саласында қазақстандық технологиялық компаниялар мен мамандардың қалыптасуына жағдай жасауды тапсырды.
«Қазақстан цифрлық активтер айналымының алаңы ғана емес, сонымен қатар осы сала үшін өз өнімдерін әзірлеп, жоғары білікті мамандарын даярлайтын ел болуы керек», – деді премьер-министр.
Ол сондай-ақ цифрлық активтерді халықаралық есеп айырысуда пайдалану мүмкіндігін зерттеуді және осы бағытта Қазақстанның қажетті құзыреттерін қалыптастыруды тапсырды.