Қазақстанда криптоәмияндар мен транзакцияларды бақылайтын жаңа орталық ашылады

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді

Қазақстанда криптоәмияндар мен транзакцияларды бақылайтын жаңа орталық ашылады
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда криптовалютаға қатысты операцияларды бақылауға мүмкіндік беретін Ұлттық криптоаналитика орталығы құрылмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа орталық криптовалютамен жасалған операцияларды, криптоәмияндарды және транзакцияларды талдайды. Сондай-ақ ол операцияға қатысқан клиенттер туралы ақпаратты және қаражаттың криптовалюта мен кәдімгі ақша арасындағы қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.

Орталық Ұлттық банктің алаяқтық операцияларды анықтайтын Антифрод-орталығымен бірге жұмыс істейді. Оның талдау құралдары банктерге, құқық қорғау органдарына және цифрлық активтермен жұмыс істейтін лицензияланған компанияларға беріледі.

«Ұлттық банк бұл жүйе арқылы барлық криптооперацияны жаппай шектеу емес, нақты тәуекелі бар операцияларды анықтап, соларға ғана шара қолдануды көздеп отыр. Жеке клиенттің немесе операцияның тәуекелі лицензияланған провайдердің барлық шоттарын бұғаттауға әкелмеуі керек. Шектеулер тек нақты тәуекелге қатысты қолданылуға тиіс», – деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк криптовалюта операцияларын тәуекел деңгейіне қарай бақылаудың ортақ тәртібін әзірлеуі керек.