Қазақстанда валюталық түсімді қайтармағандар 15,3 млрд теңгеге айыппұл төлеген
141 компанияға 15,3 млрд теңге айыппұл салынды
Қазақстанда валюталық түсімді қайтармағандар 15,3 млрд теңгеге айыппұл төлеген
Қазақстанда сыртқы экономикалық қызметтің 141 қатысушысы валюталық түсімді қайтару талабын орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша салынған айыппұлдың жалпы көлемі 15,3 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Әңгіме ұлттық және шетел валютасын елге қайтару талабын бұзу туралы болып отыр. Қолданыстағы талапқа сәйкес, қазақстандық компаниялар экспорттан түскен валюталық түсімнің Қазақстандағы уәкілетті банктердегі өз шоттарына уақытылы түсуін қамтамасыз етуге міндетті.
Сонымен қатар резиденттер шетелдік жеткізушіге алдын ала аударылған қаражатты тауар жеткізілмеген, жұмыс орындалмаған, қызмет көрсетілмеген немесе сыртқы экономикалық келісімшарт бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда елге қайтару үшін қажетті шараларды қабылдауы тиіс.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, егер шетелдік серіктес келісімшарт талаптарын орындамаса, қазақстандық компания аударылған қаражатты өз банк шотына қайтару бойынша барлық қажетті әрекетті жүзеге асыруы қажет.
Валюталық бақылау заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға және экспорттық валюталық түсімді Қазақстанға қайтаруға бағытталған.
2026 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің валюталық келісімшарт бойынша есептік нөмірді алу және оған қатысты мәліметтерді ұсыну тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейтін 244-бабы бойынша 1116 әкімшілік хаттама толтырылған.
Ал ұлттық және шетел валютасын елге қайтару талабын орындамағаны үшін ӘҚБтК-нің 251-бабы бойынша сыртқы экономикалық қызметтің 141 қатысушысы жауапкершілікке тартылды. Оларға салынған айыппұлдың жалпы көлемі 15,3 млрд теңгеге жетті.
Ең ірі айыппұл Алматы қаласында тіркелді – 9,2 млрд теңгеден астам. Павлодар облысында бұл көрсеткіш 1,8 млрд теңгеден, Жетісу облысында 1,1 млрд теңгеден, ал Астанада 1 млрд теңгеден асты.
Мемлекеттік кірістер комитеті валюталық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік кәсіпорынның көлеміне немесе қызмет түріне қарамастан қолданылатынын еске салды.
Ведомство сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға заңбұзушылықтардың алдын алу үшін экспорттық түсімнің уақытылы түсуін немесе импорттық операциялар бойынша аударылған қаражаттың қайтарылуын бақылауды, келісімшарттардағы міндеттемелердің орындалу мерзімдерін қадағалауды ұсынды.
Келісімшарт талаптары өзгерген жағдайда қосымша келісімдер рәсімделіп, валюталық келісімшарттың есептік деректері уақтылы жаңартылуы тиіс. Сондай-ақ компаниялар міндеттемелердің орындалғанын растайтын барлық құжаттарды сақтауы қажет.
Валюталық заңнамаға қатысты түсіндірме алу үшін сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мемлекеттік кірістер органдарына, Ұлттық банкке немесе өздеріне қызмет көрсететін уәкілетті банкке жүгіне алады.