Жетісу облысында жол апатынан алты адам қаза тапты

Тағы бір адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді

Жетісу облысында жол апатынан алты адам қаза тапты
Фото: istockphoto.com

Жетісу облысында Chevrolet Cobalt маркалы екі көлік соқтығысып, алты адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жол апаты Сарыөзек – Көктал автожолының 110-шақырымында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, көліктердің бірінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, екінші автокөлікпен соқтығысқан.

«Алты адам оқиға орнында қаза тапты, тағы бір адам түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді», – деп мәлімдеді полиция.

Жол апаты дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, белгіленген жылдамдықты асырмауға және жолдағы қауіпсіздік талаптарын орындауға шақырды.