«Өтініш бере алмадым»: «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының айналасында шу шықты
Бағдарламаға өтініш қабылдау басталған сәттен-ақ сайтқа кіру және өтініш рәсімдеу қиындап кеткен
31 тамызда басталған «Ұмай» әйелдер ипотекалық бағдарламасына өтініш қабылдау кезінде платформа істен шықты. Соның салдарынан қатысушылар онлайн өтініш бере алмағанын айтып, әлеуметтік желіде наразылықтарын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әйелдердің сөзінше, бағдарламаға өтініш қабылдау басталған сәттен-ақ сайтқа кіру және өтініш рәсімдеу қиындап кеткен. Кейбір қолданушылар жүйенің істемей қалғанын, ал енді бірі өтініш беру кезінде сайттың қабылдамай қойғанын айтты.
Диана есімді қолданушы «Отбасы банктің» өтініштерді жаппай қабылдауға тыңғылықты дайындалғанына күмәнданды.
«Бүгінгі «Ұмай» ипотекасына қатысты мәселе техникалық ақау шегінен шығып кетті. «Отбасы банк» өзіне деген сенімге селкеу түсіріп отыр. Адамдар алдын ала дайындалып, ақша жинап, бағдарламаның іске қосылуын күтеді. Жеме-жемге келгенде кезек жылжымайды, жүйе қолданушыларды шығарып жібереді. Оның үстіне, халық жаппай наразылығын білдіре бастағанда банк Instagram-дағы пікірлер бөлімін жауып тастады. Ақаулар болып тұрады. Бірақ банктің әрекеті халықтың сенімін әлсіретеді», – деп жазды ол Threads желісінде.
Тағы бір желі қолданушысы таңғы сағат 9-дан бастап сайттың жұмыс істемегенін айтса, тағы бір әйел өтініш көп болатыны белгілі болса да, жүйенің жұмысқа дайын болмағанына наразы болды.
«Өтініш берушілердің көп болатынын біледі, неге барлығын алдын ала дұрыс дайындамасқа? Әр жолы осы бір сценарий қайталанады», – деп жазды қолданушылардың бірі.
Тағы бір әйел бағдарламаға өтініш беру үшін таңнан бастап кезек күтуге тура келгенін айтып, оның жұмыс істейтін, баласы бар әйелдер үшін қолайсыз екенін жеткізді.
«Өтінішім мақұлданбай қала ма деп уайымдап едім, соңында тіпті өтініш те бере алмадым», – деді ол.
Өз кезегінде «Отбасы банк» өтініштердің көп түсуіне байланысты уақытша техникалық ақаулар болғанын растады.
«Уақытша техникалық ақаулар өтініштердің көп түсуіне байланысты туындап отыр. Мамандарымыз клиенттерге сапалы қызмет көрсету, туындаған мәселелерді жедел шешу, қажетті ақпарат пен кеңес беру үшін күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Біз әрдайым клиенттермен ашық диалогқа дайынбыз. Ресми ақпаратқа сүйенуді сұраймыз», – деп хабарлады банк.
Айта кетейік, «Ұмай» бағдарламасына өтініш қабылдау 31 тамызда басталды. Өтінішті «Отбасы банктің» сайты, «Баспана Маркет» платформасы немесе банк бөлімшесі арқылы беруге болады.
Бағдарлама бойынша құны 50 млн теңгеге дейінгі баспана алуға және 15 млн теңгеге дейін жөндеуге несие рәсімдеуге мүмкіндік бар. Мөлшерлеме – 14,8%, бастапқы жарна Астана мен Алматыда 20%-дан, басқа өңірлерде 15%-дан басталады. Бағдарламаға Қазақстанның барлық өңіріндегі әйелдер қатыса алады. Отбасының ай сайынғы табысы 1,25 млн теңгеден аспауы керек.
«Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларына Азия даму банкі 90 млрд теңге бағыттайды. Оның 9 млрд теңгесі «Отбасы банкке» аударылған.