«Кәуәп пісірді»: биыл жазда Бурабай 12 рет өртеніп кете жаздаған
Үш айда ұлттық парк аумағынан 20 миллион пластик бөтелкеге татитын қоқыс шықты
Биыл жазда Бурабай ормандарында кәуәп пісіргісі келгендерге 432 мың теңге айыппұл салынды. Аптап ыстықта туристер легі артып, өрт қаупі жоғарылаған. Инспекторлар келушілерге қарапайым ережелермен қатар, аумақта неге от жағуға болмайтынын түсіндірген. Жазда 20 реттен астам рейд өткен. Сол кезде 12 рет өрт тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызметкерлер 130 мың гектар аумақты алып жатқан Ұлттық паркті қорғау оңай болмағанын айтады. Олар жаз бойы тәртіпсіздікпен күрескен.
«Жазғы маусым «Бурабай» МҰТП үшін жылдың басты сынағына айналды. Бір мезетте өрт қауіпсіздігін бақылау, туристер көп шоғырланатын аймақтарды қадағалау, заң бұзушылықтардың алдын алу және табиғи кешендерді күн сайын қорғау қажет болды. Үш ай ішінде ұлттық парк аумағында 12 өрт оқиғасы тіркеліп, олардың барлығы дер кезінде анықталып, бастапқы кезеңінде сөнген. Осылайша, Бурабайда ірі орман өрттеріне жол берілген жоқ. Инспекторлар келушілерге көлікті қай жерге қоюға және шатырды қайда тігуге болатынын, өрт қаупі жоғары кезеңде қандай шектеулердің бар екенін және басқа жерлерде қалыпты саналатын демалыс түрлерінің ерекше қорғалатын табиғи аумақта не себепті рұқсат етілмейтінін түсіндірді. Бұл жұмыс әлеуметтік желілер мен парктің ресми ресурстары арқылы да жалғасты», - деп жазады Бурабай әкімшілігі.
Үш айда ұлттық парк аумағынан шамамен 514 тонна қалдық шыққан. Бұл шамамен 20 миллион пластик бөтелкеге тең.
«Сондықтан аумақты тазалау жұмыстары келушілерге қоқысты өздерімен бірге алып кету туралы тұрақты үндеулермен қатар жүргізілді. Жүздеген мың адам келетін жағдайда бір турист қалдырған бір бөтелке немесе пакет ақыр соңында ондаған, тіпті жүздеген тонна қоқысқа айналады. Жаз маусымы аяқталғанымен, Бурабайдағы табиғатты қорғау жұмыстары жыл бойы жалғасады»,- деді парк өкілдері.
Туристер көбіне орман алқаптарына және көл жағаларына рұқсатсыз көлікпен кірген, белгіленбеген орындарға шатыр тіккен, аумақты ластап және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған. Осындай заң бұзушылықтарды бақылау үшін биыл жеті табиғи нысанға 14 камера орнатылған. Сондай-ақ ықтимал өрт ошақтарын қашықтан анықтап, ақпаратты жедел жеткізетін Smart жүйесі жұмыс істеп тұр.