Алматының денсаулық сақтау саласында 10 мыңнан аса орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді
Еңбек адамы – қоғамның тірегі. Солардың бірі саналы ғұмырын өзгенің өмірін құтқаруға арнаған Алматы қалалық медициналық жедел жәрдем қызметінің фельдшері - Аққұлақ Мерей Жанбатырұлы. Оның әрбір жұмыс күні қатаң жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап етеді. Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген фельдшер қызметіндегі қызықты әрі қорқынышты сәттер туралы айтып берді.
Мерей Жанбатырұлы Алматы қаласында дүниеге келген. Бала кезінен медицинаға қызығушылық танытқан ол қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесуді өмірлік миссиясына айналдырған. Маман ең алғаш рет жедел-жәрдем көлігімен шақыртуға барған кезіндегі оқиғасын бөлісті.
«Жаңбырлы күн болатын. Мотоцикл жүргізушісі жол-көлік апатына ұшырап, ауыр жарақат алған. Науқастың тыныс жолында бөгде зат қалып, асфиксия басталып кеткен. Сонымен қатар оның аяғы мен қол-иығына да зақым келген. Сол сәтте дереу қимылдап, кәсіби әдістерді қолданып, науқастың тынысын қалпына келтірдім. Адам өмірін сақтап қалған уақытта өз мамандығымның қаншалықты жауапкершілігі үлкен екенін терең сезіндім», - деді ол.
Осы алғашқы тәжірибесі оған фельшерліктің маңызын түсіндірген. Одан кейін Мерей Жанбатырұлының мәңгі жадында қалған тағы бір оқиға болады.
«Жұмыс барысында кездескен ең қиын әрі есте қаларлық шақыртулардың бірі – екі жасар баланың үй ішінде жүріп, көп мөлшерде дәрі ішіп қойғаны еді. Баланың асқазанын зонтпен жуып, арнайы процедуралар жасап жатқан кезде сәби есінен танып, клиникалық өлімге кетіп қалды», - дейді ол.
Бірақ Мерей Жанбатырұлы өз білімін, тәжірибесін қолданып, өкпе жүргішін іске қосып, синустық ритмді қалпына келтірген. Осылай сәбиді ажалдан алып қалған.
«Кеудемді қуаныш кернеп кетті. Баланың өмірін құтқару деген нағыз бақыт қой», - деп еске алады ол.
Фельдшерге керек басты қасиеттер - жауапкершілік, жылдам шешім қабылдау және тиянақтылық дейді маман. Мерейдің айтуынша, фельдшер адам өмірін сақтауға ең бірінші болып ұмтылатын маман. Олар тәулік бойы дамылсыз еңбек етіп, қаладан бөлек шалғай ауылдар мен аудандарға да жедел жетеді. Сондықтан жұмысшы мамандықтар жылында олардың мерейін үстем етіп, қоғамға еңбегін паш ету де заңды. Бүгінде Алматының денсаулық сақтау саласында 10 мыңнан аса орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Қаланы орта медициналық кадрлармен қамтамасыз ету деңгейі 90,5 пайызға жеткен. Жыл сайын мегаполистегі медициналық ұйымдарға 400-ден аса жас маман қосылып отырады. Бұл үрдіс кадр тапшылығын біртіндеп азайтып, саланың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етіп отыр.
Мегаполистің денсаулық сақтау жүйесінде орта буын мамандардың рөлі ерекше. Олар -дәрігер мен пациент арасындағы байланысты қамтамасыз ететін негізгі буын, күнделікті медициналық көмектің басым бөлігін орындайтын кәсіби топ. Фельдшерлер, медбикелер, лаборатория мамандары, рентген-техниктер және басқа да орта деңгейлі қызметкерлер шұғыл көмек көрсетуден бастап, пациентті бақылау, емшара жүргізу, құжаттандыру және профилактикалық жұмыстарға дейінгі міндеттерді атқарады. Олардың біліктілігі мен шеберлігі денсаулық сақтау мекемелерінің үздіксіз және сапалы жұмыс істеуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан қаладағы орта медициналық кадрларды көбейту, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету - саланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып есептеледі.
Медицина мамандарына деген сұранысты төмендету мақсатында Алматыда түрлі кадрлық қолдау шаралары жүргізіліп келеді. 2025 жылы қаладағы жоғары медициналық оқу орындарында 319 резидент білім алып жатыр, олардың 124-і осы жылы түскендер. Сонымен қатар, 2024–2025 оқу жылында әкімдік тапсырысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру орындарына 1 216 студент қабылданған.
Қалада денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да белсенді жүріп жатыр. 2030 жылға дейінгі жоспар аясында бірнеше жаңа нысандардың құрылысы және қолданыстағы мекемелерді жаңғырту қарастырылған. Қазіргі таңда екі жаңа алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы, жедел жәрдем қосалқы стансасы мен жаңа емхана құрылысы аяқталуға таяп қалды. Бұдан бөлек, №4 және №7 қалалық клиникалық ауруханаларда, сондай-ақ №1 перзентханада жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Алматыдағы медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасы да жаңартылуда. Қазіргі уақытта медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі 93,9 пайызды құрайды. Биылғы жылдың өзінде шамамен үш мыңға тарта жаңа құрылғы сатып алу көзделген.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахымның айтуынша, мегаполистің денсаулық сақтау саласы негізгі бағыттар бойынша тұрақты дамып келеді. Оның сөзінше, медициналық көмектің сапасын арттыру, цифрландыруды кеңейту, бюджетті тиімді пайдалану және білікті кадрлар даярлау жұмыстары алдағы жылдары да жалғасын табады.