Жастардың бойына патриотизмді жалаң ұранмен емес, салмақты дүниелермен сіңіру керек – депутат
Депутат әскери-патриоттық клубтардың идеологиялық және әдістемелік базасын орталықтандыруды ұсынды
                        Нағыз патриотизм – ұрандатып, жалынды сөздер айту емес, Отанға адал қызмет етіп, өз ісіңді жауапкершілікпен атқару. Ал бүгінгі күннің патриоттары – қарапайым еңбек адамдары. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында осындай пікір білдірді.
Қазақстандық патриотизмді рулық, жүздік түсінікпен шектеуге болмайды
Депутаттың айтуынша, патриотизм – ауқымы кең ұғым. Адам оны өмірінің әр кезеңінде әрқилы қабылдайды. Жастау шағында патриотизм көбіне ұран, жігер, мотивация арқылы сезілсе, есейгенде оның мәні өзгереді. Ақыл тоқтатып, қоғамға араласа бастағанда өз салаңда адал, тұрақты еңбек ету, қоғамға пайда әкелу нағыз патриотизм екенін түсінеді.
«Біз патриотизмді ұлттық таныммен байланыстыра қараймыз. Бұл да дұрыс, бірақ ол заман ағымына сай бейімделуі керек деп ойлаймын. Қазіргі заманның патриоттары кім деген сұрақ қойса, мен, ең алдымен, еңбек адамдарын атар едім. Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтар жылын бекер жариялаған жоқ. Еліміздің қай саласын алсаңыз да, еңбек адамының маңдайынан тамған терге сүйеніп тұр. Сондықтан бүгінгі күннің нағыз патриоттары – солар. Әрине, Отан қорғаушыларымыздың да орны бөлек. Бірақ патриотизмді тек жауынгерлік рухпен шектеуге болмайды. Біз бұл ұғымды кеңінен түсініп, жастарға соны насихаттауымыз қажет. Қазақстандық патриотизмді рулық, жүздік түсінікпен шектеуге болмайды. Тәуелсіз Қазақстанның жастарын тұтас елдік, отаншылдық, мемлекетшілдік санаға бағыттауымыз керек. Себебі елімізде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті, береке-бірлікте өмір сүріп жатыр. Осы татулық пен тұрақтылықты баянды етуге еңбек сіңіру еліміздегі патриотизмнің негізі болуы керек дер едім», - дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Әрине, ұлттық танымдық ерекшелігіміз қашанда идеологияның қайнар көзі болған деп жалғастырды сөзін мәжілісмен.
«Ертеректе батырлар жыры, ерлік туралы аңыздар мен ертегілер, ел қорғаған азаматтардың ерлігі жайлы естеліктер – жастарды рухты, қайсар азамат етіп тәрбиелеудің, жақсылыққа үндеп, жамандықтан сақтандырудың қуатты құралы болған. Сондықтан да біздің патриотизміміздің ерекшелігі осында. Біз тарихы терең ұлт болғандықтан, салмақты дүниелерді ұсына аламыз. Ал бос ұран мен жалған желөкпелік бізге тән емес, жат нәрсе деп айтар едім. Біздің ерекшелігіміз – күнделікті өміріміздің өзінде де патриотизмнің ізі бар. Әлди жырлардан бастап, тал бесіктен жер бесікке дейін айтылатын жыр-дастандар, мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері – барлығы да ізгілікке, елге деген сүйіспеншілікке, яғни патриотизмге негізделген», - дейді ол.
Әскери-патриоттық клубтарға қандай өзгеріс қажет
Осы орайда Жарқынбек Амантайұлы еліміздегі әскери-патриоттық клубтардың идеологиясы мен әдістемелік базасын орталықтандыруды ұсынды.
«Бізде әскери-патриоттық клубтар көптеп ашылып жатыр. Мен осы клубтардың идеологиясын, олардың методикасын орталықтандыру керек деп есептеймін. Атауы, мысалы, Бауыржан Момышұлы немесе Қабанбай батыр атындағы деген сияқты атаулар болуы мүмкін. Бірақ олардың идеологиясы орталықтандырылуы керек. Өйткені қазір әлемдегі түрлі идеологиялар әлеуметтік желі арқылы жастарымыздың назарына ілінуде. Оның жетегінде кете салу, өзге елдің қаңсығына сүйсініп қарау деген дүние әп-сәтте. Сондықтан біз жастарды тәрбиелейтін әскери-патриоттық клубтардың әдістемелік базасын жүйелеп, сапалық тұрғыдан жақсартуымыз керек және орталықтандыруымыз қажет», - деп пікір білдірді депутат.
Сонымен қатар ол отандық фильмдердің мазмұны мен сапасына ерекше мән беру қажет екенін айтты.
«Әрине, бүгін біз нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Әр азамат бәсекелестік ортада өз еңбегімен нәпақасын тауып, кәсіпкерлікке бет бұрған кезеңде Отан алдындағы жауапкершілік ескеріле бермейді. «Бастысы – өзім пайда тапсам, жетістікке жетсем болды» деген түсінік қоғамға дендеп еніп барады. Осындай уақытта мемлекет ретінде біз түрлі идеологиялық және тәрбиелік құралдарды тиімді пайдалана білуіміз қажет. Ең алдымен, отбасы институтын нығайту маңызды. Сонымен қатар, идеологияның негізгі құралына айналып отырған қазақ фильмдерінің мазмұнына ерекше назар аударған жөн. Мәселен, күні кеше мен «Капитан Байтасов» фильмінің тұсаукесерінде болдым. Расымен де ой салатын туынды. Көрермен көп жиналды, әсіресе жастардың белсенділігі қуантты. Қазір қазақ фильмдерін тамашалайтын жастардың саны айтарлықтай артқанын, ал шетелдік фильмдерге қызығушылық азайғанын түрлі ақпарат көздерінен естіп жүрмін. Сондықтан осы тұрғыда отандық фильмдердің сапасы мен мазмұнына, идеологиясына қатты мән беру қажет деп ойлаймын», - дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Елдің болашағы үшін қызмет ету – нағыз патриотизм
Депутаттың айтуынша, патриотизмді мемлекетшілдік, ұлттық, ұлтшыл патриотизм деп бөліп қарауға болады. Бірақ қазіргі уақытта мемлекетшілдік тұрғыдан қарау өте маңызды.
«Өкінішке қарай, ұлтжандылықты, ұлттық патриотизмді ұлтшылдықпен шатастырып алып, арандатуға жол беріп алып жатқан азаматтар бар. Бұл да өтпелі кезеңде болуға тиіс құбылыс. Дегенмен көпұлтты Қазақстан үшін бүгінгідей алмағайып заманда елдің тұтастығын сақтау аса маңызды. Елдің тұтастығына бәріміз мүдделіміз, тәуелсіздігіміз осыған байланысты. Сондықтан тәуелсіздігіміз нығая түссін, жетістігіміз арта берсін десек, елдің тұтастығы мен тұрақтылығына баса назар аударуымыз керек», - дейді ол.
Мәжілісменнің пікірінше, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері өздерін бір елдің тең құқылы, толыққанды азаматы ретінде еркін әрі қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыруымыз қажет. Міне, осы бағытта еңбек ету – нағыз патриотизм.
«Қазіргі әлемдегі түрлі оқиғаларды, тұрақсыздықты көріп, қазақстандықтар ел ішіндегі ауызбірліктің қаншалықты құнды екенін терең сезініп отыр деп айта аламын. Кейінгі жылдары жұртшылық тұрақтылықтың құны мен бағасын бұрынғыдан да бетер сезіне түсті. Сондықтан осы елдің елдігін сақтап қалу, елдің болашағына қызмет ету – үлкен патриотизм. Патриотизм ұранмен немесе флешмобқа шығып, жалауды желбіретумен өлшенбейді. Елге келіп бір тал ексең, шағын кәсіп ашып, адамдарды жұмыспен қамтысаң – бұл да отансүйгіштіктің нақты көрінісі», - деп санайды халық қалаулысы.
Жастар арасында патриотизмді қалай «сәнді» етуге болады
Жарқынбек Амантайұлының ойынша, патриотизмді жастар арасында сәнге айналдыруды бос ұранмен жүзеге асыруға болмайды.
«Бір кездері елімізді сынап, шетелде отырып жамандау сияқты теріс үрдіс пайда болды. Бірақ уақыт өте келе ол бәсеңдеді, себебі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен жетістігі айқындала түсті. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттің жетістігі оның тұрақтылығымен бағалы екеніне көзіміз жетіп жатыр. Ал Қазақстан бүгінде тұрақтылық пен татулықтың ордасына айналып келеді. Осындай алмағайып заманда ел экономикасы дамып, халықтың бірлігі мен ішкі ынтымағы күшейіп жатыр. Сондықтан патриотизмді жалаң ұран, жалған лозунгтармен трендке айналдырмай, нақты жетістіктер мен салмақты дүниелер арқылы көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Қазіргі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу – шынайы құндылықты бірден түсінеді», - дейді ол.
Сондай-ақ, депутаттың пікірінше, ұлттық мәдениетімізді әлемдік мәдениеттің аренасына алып шығу да патриотизм сезіміне жетелейді.
«Біз көбінесе өз ішіміздегі жетістіктерді мойындағаннан гөрі, сырттан біреу айтса, соған көбірек мән береміз. Бұл – жасырын емес. Мысалы, ортамыздан шыққан Димаш Құдайберген мен Геннадий Головкин халықаралық аренада біздің мәдениетіміз бен спортымыздың қандай деңгейде екенін көрсетті. Олардың жетістігі арқылы әлем халқы Қазақстанға қызығып, елге назар аударды, елімізге келіп ұлттық мәдениетімізді, ерекшелігімізді таныды. Сол сәттерде біз өзіміздің кім екенімізді, елде қандай таланттар барын көріп, қазақ болып туғанымызға, Қазақстан азаматы екенімізге шын мақтандық. Мұндай сезім – бір сәттік эйфория емес, бойда тұрақты қалатын дүние. Мысалы, былтырғы Көшпенділер ойындары да ұлттық ерекшелігімізді әлемге мойындатты. Өзіміз де соған сүйсіндік. Осындай оқиғалар әлеуметтік желілер арқылы миллиондаған адамға таралып, жастардың бойында Отанға деген құрмет пен мақтаныш сезімін оятады», - дейді Жарқынбек Амантайұлы.