Әлемдік ядро ғылымындағы қазақ қызы : Алина Бегімованың атом саласындағы жолы
Ол болашақта Қазақстандағы АЭС-тең еңбек етуге мүдделі

Теміртаудан шыққан қазақ қызы Алина Бегімова әлемде алғаш АЭС салынған Обнинск қаласында қызмет етіп жүр. Теміртау қаласы елдегі шахта өндірісінің ошағы ретінде белгілі. Алайда мұндағы экологиялық жағдай оның ғылымға бет бұруына түрткі болған. Қыста қардың қара түске боялғанын көріп, ауаның ластағы мен халықтың денсаулығына алаңдаған жас қыз жасыл энергетика мен ядролық ғылымға тереңірек қызыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық жас ғалым, 24 жастағы Алина Бегімова Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында дүниеге келген.
«Бала кезімнен біз Теміртауда экологиялық жағдайдың қандай қиын екенін көріп өстік. Қардың ақ емес, қара түске боялуы қатты әсер ететін. Мен үшін бұл әділетсіздік сияқты көрінді. Сондықтан уақыт өте келе еліміздің таза әрі қауіпсіз энергетикаға көшкенін қаладым. Бұл ой мені ядролық энергетикаға жетеледі», – дейді ол.
Алина Обнинск қаласындағы Ядролық энергетика институтына түсіп, «Ядролық энергетика және теплофизика» мамандығы бойынша білім алған. Бұл оқу орны Ресейдің ұлттық зерттеу ядролық университеті (МИФИ) құрамындағы жетекші филиалдардың бірі болып отыр.
Білім және ғылыми ізденістер
Бакалавриатты тәмамдағаннан кейін, жас маман магистратураға түсіп, өз бағытын нақтылап алған. Оның профилі – атом электр станцияларын басқару. Бұл сала мамандарынан жоғары деңгейлі инженерлік және техникалық білімді талап етеді.
Алина оқу барысында тек теориямен шектелмей, практикалық білімді жетілдіруге басымдық берді. Зертханалық жұмыстарға, семинарларға қатысып қана қоймай, қосымша өндірістік тәжірибеден өткен.
«Маған тек дәріс тыңдау аздық етті. Өз қолыммен істеп көру, тетіктердің қалай жұмыс істейтінін түсіну маңызды еді. Сондықтан қосымша электромонтаж жұмысын атқарып, зауыттағы тәжірибемді арттырдым. Бұл маған маман ретінде жан-жақты болуға көмектесті», – дейді Алина.
Ядролық ғылымға деген қызығушылық қайдан басталды
Бастапқыда ол филология саласын таңдамақ болған. Мектеп жылдарында қазақ және орыс тілі, әдебиеті бойынша олимпиадаларға қатысып, жақсы нәтижелер көрсеткен. Алайда 9–10-сыныпта жаңа ұстазбен танысу оның өмірін түбегейлі өзгерткен.
«Бұл ұстаз – МИФИ түлегі, ядролық материалдар кафедрасын тәмамдаған кәсіби маман еді. Ол математика пәнін жүргізсе де, физикадан да терең білімі бар болатын», - дейді Бегімова.
Оның сабақ беру әдісі, ғылымға деген көзқарасы жасөспірім Алинаны қатты қызықтырған.
«Ол өте эрудит, интеллигент, өз ісінің шебері еді. Мен де сондай болғым келді. Сол сәттен бастап менің өмірлік бағытым өзгерді. Ядролық физикаға деген қызығушылық пайда болды және мен өзімді осы салада елестете бастадым», – дейді жас ғалым.
Халықаралық стипендия және ғылыми қауымдастықтағы рөлі
2023 жылы Алина Бегімова магистратурада оқып жүргенде ерекше мүмкіндікке ие болады. Жас ғалым МАГАТЭ мен «Росатом» қолдауымен жүзеге асырылатын Мария Склодовская-Кюри атындағы халықаралық стипендия иегері атанады.
Бұл бағдарлама ядролық энергетика саласындағы әйел мамандарды қолдау мақсатында іске қосылған. Жоба жас ғалымдарға қаржылай көмек көрсетіп қана қоймай, тәжірибеден өтуге, халықаралық ғылыми ортада өз орнын табуға жол ашады.
Алина Бегімова бағдарламаның арқасында Вена қаласында тағылымдамадан өтіп, халықаралық орталықтардағы заманауи зерттеулермен танысу мүмкіндігіне ие болды.
«Бұл тек қаржылай қолдау емес, сонымен қатар үлкен тәжірибе. Біз халықаралық орталарда тағылымдамадан өтіп, үздік мамандармен жұмыс істейміз. Бұл болашақта ядролық энергетика саласында Қазақстанға пайда әкелетін қадам», – дейді ол.
Қазақстанның атом энергетикасындағы әлеуеті
Алинаның пікірінше, Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға барлық алғышарттар бар:
- еліміз уран қоры бойынша әлемде бірінші орында;
- Ақтаудағы алғашқы жылдам нейтронды реактордың тәжірибесі;
- инженерлік кадрларды даярлауға негіз болатын оқу орындары.
«Бізде үлкен әлеует бар. Уран өндірудегі көшбасшылық, тарихи тәжірибе – бәрі Қазақстанды ядролық энергетикада алға шығара алады. Бірақ ең бастысы мамандар даярлау. Жас ұрпақ бұл салаға қызығып, инженер болуды мақсат етуі тиіс», – дейді Алина.
Қазақстанға қашан оралады
Әзірге елде атом электр станциясы жоқ болғандықтан, ядролық энергетика саласында нақты жұмыс орны жоқ. Осы себепті жас маман Ресейде қызметін жалғастырып жатыр. Дегенмен, ол Қазақстанда алғашқы атом электр станциясы салынса, кәсіби білімімен елге пайдасын тигізуге дайын.
«Менің мамандығым атом электр станциясының операторы. Қазақстанда әлі мұндай нысан жоқ. Бірақ болашақта атом станциясы іске қосылғанда, елге оралып, үлес қосуға дайынмын», – дейді жас ғалым.
Әйелдердің ғылымдағы рөлі
Атом энергетикасы ерлердің ғана саласы емес. Соңғы жылдары бұл салаға қыз-келіншектердің де қызығушылығы артып келеді.
«Әйелдер ерлерден еш кем емес. Олар да табанды, еңбекқор және жауапты. Ғылым мен отбасылық өмірді үйлестіріп жүрген әйелдер бар. Бұл жас қыздарға үлкен мотивация береді. Сондықтан әйел мамандардың көбеюі дұрыс үрдіс», – дейді Алина.