Балаңыз мектептен қашпасын десеңіз не істеу керек - психолог кеңесі

Автор: Аягөз Құрмаш

Биыл 352 мың бала 1-сыныпқа барды

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Биыл қыркүйекте мектеп табалдырығын аттаған балалардың қызықты видеолары қазнеттің көңілін көтеріп-ақ жатыр. Мектептен жылап қашқан, мұғалімге бағынбаған балалардың әрекеті жыл сайын қайталана беретіні жасырын емес. Қоғамда баланы мектепке 6 жастан берген дұрыс па әлде 7 жастан берген жөн бе деген пікірталас туындап жатыр. Осы мәселеге қатысты Azattyq Rýhy тілшісі мектепке баланы қалай дайындап, неше жастан мектепке берген дұрыс деген мәселеге төңірегінде танымал психолог Серікгүл Сәли сөзге тартты. 

Психологтың айтуынша, баланы мектепке міндетті түрде 6 жастан асқан соң беру керек.

«Баланың 6,5 жаста мектепке барғаны жақсы. Егер бала енді 6-ға толса, оның 7 жасқа толғанын күту керек. Себебі 6 жас пен 6,5 жастың арасында да айырмашылық бар. 6 айдың өзі рөл ойнап отыр. Баланы мектепке ерте беру – оның балалық шағын ұрлау. Яғни, ол мектепті кәмелет жасына толмай аяқтап қояды. Ал бұл оның балалық шағының 1-2 жылы ұрланғанын көрсетеді. Бала тез ер жетеді, есейеді деген сөз», - дейді психолог.

Серікгүл Сәли атағандай, баланы мектепке дайындап апару керек. Мектепке барғанға дейін ол әріп танып, санай алуы керек.

«Қосып, алуды үйреніп, жалпы сабақтан түсінігі болуы керек. Осы кезде бала қатты стресске түспейді. Мектепке дайындалып барудың өзі – дұрыс шешім. Мектепке барған соң жазып, оқып үйренеді емес, балабақшадан дайындалып барған дұрыс. Сондай-ақ баланы мектепке берерде ауқымды психологиялық жұмыс жүргізіп, барынша дайындаған жақсы. Мектепке деген баланың құштарлығын, махаббатын ашу қажет. Мысалы, «Әсет мектепке барады, бәріміз дайындалып жатырмыз. Әсеттің мектепке баруы үшін осы дүниелер қажет» деп үнемі айтып, «мектепке барған соң киесің, ұстайсың» деп ата-ана насихат жүргізуі керек. Мектепке баруын отбасы болып, мерекелеуге тырысу керек. Мектепке бару ол ғана емес, отбасы үшін үлкен қуаныш екенін бала барынша сезінуі керек», - дейді ол.

Маманның айтуынша, баланың мектепке баруын кекетіп-мұқатуға, әзілге айналдыруға болмайды.

«Біздің қазақта осындай әрекет жиі кездеседі. «Бұл мектепке барады, не біледі, түк білмейді. Ертең апайы ұрысады» деп баланың намысына тиіп, ашуына тиіп, содан қызық көріп жатады. Бұл балаға теріс көзқарасты таңып, мотивациясын өлтіреді. Ол балаға керітартпа сезім сыйлап, мектеп туралы жағымсыз пікір қалыптастырады. Осыдаг барып мектептен қашып жатады. Ал баланың табиғаты, физиологиясы өсуге бейім, сол сияқты психологиясы да дамуға, білім алуға құштар болады. Сондықтан ата-ана балаға мектепке қатысты дұрыс ой қалыптастырып, оны дайындаса, бала оқудан қашпайды. Көп жағдайда осылай отбасының ағайын-туысы келемеждеп, баланың мектепке деген ынтасын өлітіріп алады», - дейді Серікгүл Сәли.

Еске салсақ, жаңа 2024-2025 оқу жылында Қазақстанда 3,9 млн-нан астам оқушы мектепке барады, оның 352 мыңы – бірінші сынып оқушылары.