Қазақстанда 120 дәрігер коронавирус жұқтырды
Карантин режимі кезінде халық үшін жұмысқа шығып, үйлеріне қайтпай, міндеттерін жанкештілікпен атқарып жүрген ақ халаттылардың еңбегі ерен. Бұл тұрғыда Елорда Инфо тілшісі қазіргі уақытта провизорлық стационарға айналған елордадағы Теміржол ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Қуат Манабаевпен сұхбат құрды.
– Қуат Уәлиханұлы, жұмыстарыңыз қалай? Қандай қиындықтар бар?
– Жұмыс өте көп. Бұрын біз көпсалалы стационар ретінде жұмыс жүргізсек, қазір провизорлық стационар болып өзгеруіне байланысты барлық бөлімшені жауып, оларды инфекциялық бағытқа ауыстырдық. Енді мұнда коронавирус індетін жұқтыруы мүмкін науқастар жатады. Алайда провизорлық стационар құрып, барлық жұмысты қайта ұйымдастыру оңайға соқпады, әрине.
– Қазір дәрігерлерге қиын ба әлде науқастарға ма?
– Дәрігерлер мен барлық медицина қызметкерлеріне қиын. Кез келген уақытта ауру жұқтыру қаупі бар. Осыған қарамастан медицина қызметкерлері қорғаныс костюмін киіп, жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бірақ күні бойы бұл киіммен жүріп, респиратор арқылы демалу физикалық тұрғыдан ауыр.
– Стационарда қазіргі уақытта коронавирус жұқтырған қанша науқас жатыр?
– Біздің стационардың қызметі – науқастың коронавирус жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау. Егер вирус анықталып жатса, біз науқасқа тиісті ем жүргізілуі үшін оны инфекциялық стационарға жібереміз.
– Жалпы, коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жағдайы қалай қазір?
– Елімізде төтенше жағдай жарияланып, мемлекет тарапынан дер кезінде тиісті шаралар қолға алынды. Басқа елдермен салыстырғанда бізде аурудың ауыр түрін жұқтырғандар аз. Негізінен вирус жұқтырғандардың жағдайы жеңіл және орташа деңгейде. Жағдайлары ауыр науқастар да бар. Бірақ олар аз. Жазылып жатқандар да жоқ емес.
– Күніне неше рет киім ауыстырасыздар?
– Тұтас медициналық персонал күн сайын таңнан бастап қорғаныс костюмін киіп, респираторды қолданады. Респираторлардың мерзімі бір тәулікке дейін жетеді. Оны күн сайын жаңартып отырады. Өкпелері ауыратын және созылмалы ауруы бар медицина мамандары күні бойы респиратормен жүре алмайды. Сондықтан оларды демалысқа жібердік.
– Үйге қайтпағаныңызға неше күн болды?
– 28 наурыз күні біздің стационарды провизорлық стационар деп жариялағаннан бері медицина мамандарының көпшілігі үйлеріне әлі қайтпады.
– Сіздің неше балаңыз бар? Олармен жиі сөйлесіп тұрасыз ба?
– Менің 4 балам бар. Отбасыммен қашықтықтан хабар алысамыз. Тек кешкі уақытта қол босағанда ғана скайп арқылы сөйлесеміз.
– Сұхбатыңызға рақмет! Істеріңіз берекелі болсын!