«Чемпион тәрбиелеудің құпиясы жоқ»: Азиаданың бірінші және үшінші алтын иегері Әсем Орынбайдың ата-анасымен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Азия ойындарының төртінші күнінде Қазақстан құрамасы үшінші алтынды жеңіп алды

Ханчжоуда өтіп жатқан XIX Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтынды дәлдеп, дөп түсірген – отандық мерген қыздарымыз Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панарина. Команда стенд атудан скит бағдарламасы бойынша бірінші орын иеленіп, қазақтың Әнұранын әуелетті. Сондай-ақ бүгін үшінші алтынды –  қазақстандық Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында жеңіп алды.

Azattyq Ruhy тілшісі Азияда чемпиондарының бірі және бірегейі Әсем Орынбайдың өзімен және оның ата-анасымен сұхбаттасты.

Фото: Тұрар Қазанғапов

Әсем Орынбай Азия ойындарында үш медальға ие болды

«Шыны керек, ең бірінші мақсат бізде финалға ілігу, медаль алу болды. Шүкір, үш медаль алып отырмыз. Қолдан келгенді жасадық. Финал өте тартысты өтті. Сондықтан кеше үшінші орын бұйырды. Қытай құрамасынан ұтылып келе жатқанбыз. Бірақ соңғы серияға дейін күрестік. Бар күшімізді салдық. Соның арқасында жеңіске жеттік. Қытай құрамасы өте мықты, мойындау керек. Олар – тек Азия құрлығында ғана емес, әлем бойынша ең мықты құраманың бірі. Қытайға келіп алтын алу деген – біз үшін керемет нәтиже. Күн ыстық болды. Сол жағы кедергі келтірді. Жалпы оңай болған жоқ. Барынша тырыстық. Бірінші алтын алғаннан кейін аздап жеңілдеп қалдық. Финал оңай болмайтынын білдім. Қытай құрамасының қолдауы, жанкүйерлері өте мықты болды. Бірақ қолаға да Аллаға шүкір етеміз», - деді Әсем.

Фото: Қазақстандық спорттық ату федерациясы

Әсемнің бұл жеңісіне ел болып қуанып жатырмыз. Ал қажырлы еңбекке куә чемпионның ата-анасы қандай сезімде екенін хабарласып білген едік.

«Бұл – бәрімізге ортақ жеңіс. Мен өзім жас кезден мылтыққа құмар болғаным рас. Қыз бала болғаннан кейін, еркелеттім. Бірге балыққа, табиғатқа барғанда алып жүрдім, мылтық атуды сөйтіп үйреттім. Спортқа он төрт жасынан қатысты. Әсемнің жетістіктеріне үйреніп те қалдық. Қазір Орал қаласынан Алматыға келе жатырмын. Пойызда жолаушылар «Қазақстанның құрамасы алтын алыпты» деп қуанып жатыр, «Бұл менің қызым» десем, сенбейді (күліп). «Сіз қалай тып-тыныш отырсыз?» дейді. Ал мен қуандым, бәрі ішімде. Қызым Қазақстанның атын шығарсын», - дейді әкесі Марат Метербаев.

Жеке архивтен

Ал чемпион атанғаннан кейінгі қызы мен әкесінің кездесуі қалай өтер екен?

«Қызымның маңдайынан бір сүйемін, болды (күліп). Ол әкесінің қызы ғой. Аздап болсын мақтанып қоямыз, қалай мақтанбаймын? Бүкіл ел болып қуанып жатырмыз. Қаншама жыл Қазақстанның әнұранын ойнатып жатыр», - дейді қуанған әке.

Әсем Орынбай – отбасының кенжесі, егіздің сыңары. Үлкен ағасы мен сыңар ағасы бар екен. Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылының тумасы. Әсемнің анасы, әдетте, жарыс кезінде тақымын қысып, тілекші болып, тіпті жарысты әдейі тамашаламай отырады екен. Өйткені, ана жүрегі артық уайымдап қоюы мүмкін.

Жеке архивтен

«Әсем – егіздің сыңары. Әсет атты ағасы бар. Кішкентай кезінен ұл бала сияқты өсті. Тағы бір үлкен ағасы бар, үшеуі бірге ойнайтын. Қуыршақ емес, көлік, тапаншамен ойнады. Бұзықтау да болды. Одан кейін мектепте бірінші сыныптан бастап староста болды. Жақсы оқыды, қызыл аттестатпен бітірді. Университетті де беспен оқыды. Сегізінші сыныптан бастап ауданда мылтық атудан жарыс болды. Негізі, әкесі Ресейден мылтық әкеліп берген. Сіріңке, бөтелке қойып атып көргенде ағалары емес, Әсем дәл тигізетін. Сосын мектептегі әскери дайындық мұғалімі жарысқа үлкен ұлыммен қатар қыз баласы да қажет деп, Әсемді дайындады. Қолынан жетектеп, клубқа алып барды. Негізі баланы ондай үйірмеге ерте беру керек, бірақ Әсем бірден алып кетті. Сөйтіп, жасөспірімдер құрамасына кірді. Спорт шеберіне кандидат дәрежесіне иеленді. Одан кейін, өсе келе Ұлттық құрамаға мүше болды. Халықаралық дәрежесін алды. Солай жетістіктері басталды. Қызым өте еңбекқор, қарапайым, мақтағанды ұнатпайды. Өте мейірімді, бауырмал, әділдікті жақсы көреді. Сондықтан бастысы, балаңызға сеніңіз, қолдаңыз, бұдан артық ешқандай құпиясы да жоқ сияқты.

Биыл Әсем екі рет алтын алды. Мен жарыс болған сәтте, ешқашан оны көрмеймін. Себебі, артық уайымдап қоямын. Бүгін жұмыста болдым, сабақ беріп жаттым. Ағылшын тілі пәнінің ұстазымын. Келінім хабарласып, сүйінші сұрап, «Әсем бірінші орын алды» дегенде, көзімнен жас шығып кетті. Бір жылап алдым. Есімді жинап, сабағымды өткіздім. Қатты қуанғанымның себебі, қызымның еңбегі ақталды. Жыл он екі айда, бір ай ғана үйде болса жақсы. Қызым үнемі жарыста, дайындықта жүреді. Таза еңбегімен жетті», - дейді анасы Әлия Метербаева. 

Фото: Қазақстандық спорттық ату федерациясы

Отандық мергендер Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панарина Азия ойындарында бірінші орынға ие болып қана қоймай, жалпы 350 балл жинап, Азиада рекордын орнатты. Олар Қытай (348 ұпай) және Таиланд (342 ұпай) командаларынан озып кетті.

«Қыздарды осы тарихи жеңіспен құттықтаймын! Алтын медальдан басқа, біздің спортшылар да жаңадан жарыс рекордын орнатты, бұл жеңісті одан да әсерлі етеді. Естеріңізге сала кетейін, Алматы облысында стенд атудан әлем кубогында біздің құрама бірінші жалпы командалық орынға ие болған. Бүгін бүкіл Азия бұл табыстың кездейсоқ емес екенін түсінді», - деді қыздарды жеңіспен құттықтаған Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Қазақстандық спорттық ату федерациясы

Ал Эдуард Ещенкомен бірге стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында алтын медаль жеңіп алды. «Скит» жаттығуының финалында қазақстандықтар Кувейттен келген қарсыластарынан озық болды. Қорытынды есеп –40:35. Бұл Азиададағы еліміздің ұлттық құрамасы үшін үшінші алтын медаль.

«Біздің мергендер тағы да керемет нәтиже көрсетті! Спортшыларды, жанкүйерлерді және, әрине, команданың жаттықтырушылар штабын осы жеңіспен құттықтаймын. Бүкіл ел мергендерімізбен мақтанады. Бұл жеңіс мыңдаған қазақстандық жеткіншектерді осы спорт түрімен айналысуға шабыттандыратынына сенімдімін», - деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Азия ойындарының төртінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы үшінші алтынды жеңіп алды. Спортшыларымыздың жетістіктері бұдан да көп болуына әр оқырман тақымын қысып, тілекші болып отырғанын еске саламыз.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН