Берлин сияқты әлемдегі «мейджер-марафонға» дайындықтың өзі бір ғанибет – марафоншы
Эко-волонтер, әуесқой спортшы, павлодарлық Ақмарал Есімхановамен сұхбат
Әлемдегі «мейджер», яғни ең ірі 6 марафонның бірі – Берлин марафоны. Жүгіруден кез келген спортшы Лондон, Нью-Йорк, Чикаго, Бостон, Токио және Берлин марафонына (World Marathon Majors құрамына енетін марафондар) қатысуды мақсат тұтатыны айтпаса да түсінікті. Себебі бұл – спорт, салауатты өмір салты, тіпті, тарих.
Мәселен, Берлин марафоны биыл 49 жыл қатарынан өткізілді. Әдеттегідей, қыркүйектің соңғы жексенбісінде Германия астанасының көшелерімен әлемнің әр түкпірінен келген спортсүйер қауым жүгіріп өтеді. 50 мың адамның қатарында жүзге жуық отандасымыз да бар.
Бұл жарысқа қатысу үшін не істеу қажет, салауатты өмір салтын ұстанудың әдебі мен тәртібі қандай? Спортпен шұғылдана жүріп, әлемді шарлау жүрек қалауы ма, әлде батылдық па – осы сауалдың бәріне Azattyq Ruhy тілшісіне ультрамарафоншы, әуесқой спортшы, эко-волонтер және журналист Ақмарал Есімханова жауап берді.
БЕРЛИН МАРАФОНЫ 1974 ЖЫЛДАН БАСТАУ АЛҒАН
Биыл 24 қыркүйекте өткен Берлин марафонында мәре сызығына алғаш болып жеткен – кениялық Элиуд Кипчоге. Ол Берлин марафонында осымен қатарынан 5 рет жеңіп тұр. Ал әйелдер арасында Эфиопиядан келген Тигист Ассефа ең жылдам спортшы атанды. Ол 2 сағат 11 минут 53 секундта бірінші болып қашықтықты жүгіріп өтті.
«Берлин марафоны келер жылы 50 рет өткізіледі. Өткен жылы марафонда әлемдік рекорд орнатылды. Кениялық спортшы кәсіби марафоншы Элиуд Кипчоге жүгіріп өтті. Қазіргі рекорд та осы кісіге тиесілі. Оның көрсеткіші – 2 сағат 1 минут 9 секунд. Биыл да ол кісі қатысып, жеңіске жетті. Шетелдік марафондар қазақстандық марафондарға ұқсамайды. Ұйымдастырушылар 50 мыңға жуық спортшыға марафон жасайды. Ал оған қатысу – мен үшін үлкен жетістік. Мен үшін бұл үлкен тәжірибе болды», - дейді Ақмарал ханым.
Павлодарда журналистік қызмет атқаратын Ақмарал Есімханова әуесқой спортпен 2020 жылдың басынан бастап айналыса бастаған.
«Жүгіру менің өмір салтым деп айта алмаймын. Себебі, бұл – хобби. Мысал ретінде алсам, марафонға дайындықты 5-6 ай бұрын бастаймын. Ол дегеніміз – күнделікті еңбек. 1,5-2 сағат күнде жүгіремін. Жаттықтырушымен жұмыс істеймін. Жазда таңғы сағат 5.00-6.00-ден бастап тұрамын, себебі күн ыстық. Қыста да спортпен айналысуға тырысамын. Павлодарда ауа райы салқындау, сонда да мүмкіндігінше жүгірумен айналысуға, спортпен шұғылдануға тырысамын. Павлодарда әуесқой спортпен айналысатындар көп. Сол кісілермен байланысып, араласып, ортақ мақсаттар болса, бір-бірімізге кеңес береміз, коммьюнитиіміз бар. Жаңа жарыстар болса, ақпарат бөлісіп, жиналып, жарысқа барып жүреміз», - дейді Ақмарал.
ХОББИ: СПОРТ ЖӘНЕ САЯХАТ
Соңғы 3 жылда жүгіруді хоббиіне айналдырған әріптесіміз 3 ірі марафонға қатысыпты.
«Ең біріншісі – Алматы марафоны. Одан кейін, Түркістан. Жалпы, марафон дегеніміз, 42 км 195 метрге жүгіруді білдіреді. Ал Берлин марафоны – үшінші ресми жарыс. Оған қатысу үшін өткен жылы анкета толтырып, лотереяға қатысып, содан өттім. Лотерея дегеніміз – жарысқа қатысуға құқық алу. Ал қалған шығындарды өзіміз өтейміз. Ішкі туризм мен шетелге баруға да осы әуесқой спорт өз септігін тигізіп жатыр. Жалпы, 10 шақты елді араладым. Саяхаттауға тырысамын. Бұл – алға қарай жылжуға оң әсерін тигізетін аспект. Жыл сайын жаңа бір елге баруға мүмкіндік тауып отырамын».
Бұл ретте, біз спортпен шұғылданудың күнделікті режимге әсерін де сұрап алдық.
СПОРТ – ДИСЦИПЛИНА. ОНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕЗ КЕЛГЕН АДАМНЫҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕДІ
«Күнделікті тәртібім өзгерді. Біз журналист болған соң, тәртібіміз нормаға сай келмейді. Таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18:30-ға дейін тәртіп жоқ. Кейде төтенше жағдай кезінде жұмыс істейміз. Таңғы сағат 5.00-де, я түнгі сағат 10-11-де түсірілім болуы мүмкін. Сондықтан осы жұмыс кестесінің арасында спортқа уақыт табуым керек. Бұл жақсы әдет болғандықтан, ешқандай қиындығы жоқ.
Жүгіру үшін тек күш керек емес, сонымен қатар төзімділік керек. 42 шақырым жүгіргенде, біз жаттықтырушымен қай шақырымда су ішу керек, қай шақырымда энергетикалық гель жеу керек, жоспарланбаған жағдайда не істеу керек – бәрін ақылдасамыз. 31 жыл бойы спортпен шұғылданбаған адам үшін таңертең тұрып, жүгіріп өтудің өзі қиын. Дұрыс әдет қалыптастыру оңай емес. Менде қазір тәртіп бар. Аптасына 5 рет дайындаламын. Таңертең сағат 4:30 немесе 5:30-да тұрамын. Жаттығу түріне байланысты ерте оянамын. Жылдамдыққа, күшті дамытуға байланысты жаттығу болуы мүмкін. Сонымен қатар «компенсация» бар. Денсаулықты күту, денені демалдыру сынды дұрыс күтім болмаса, иммунитет түсіп қалуы мүмкін. Кейде сол үшін массаж жасау керек, демалу керек. Үйлесім болғаны маңызды», - дейді спортшы.
Үш ресми марафонға қатысқан Ақмарал жеке рекордын да жаңартқан.
«Жеке рекордымды жаңарта алдым. Бірінші марафон 4,2 болған. Қазір – 3,54. Салауатты өмір салтын ұстану – менің мақсатым. Қалған бес мейджерге қатысуға тырысамын. Ерекше марафондар әлемде көп. Парижде де, АҚШ-та да, Қазақстанда да қызық марафон түрлері көп. Жүгіруден басқа, велосипедпен жүрген де ұнайды», - деп өзінің мақсаты және қызығушылықтары туралы айтты.
ЭКО-ВОЛОНТЕРЛЫҚ ЖӘНЕ ТУНДРА
Ақмаралдың тағы бір қызығушылығы – экология саласындағы волонтерлық іс. Былтыр «Жасыл Арктика» халықаралық қоғамдық эко-әлеуметтік ұйым мүшесі ретінде Ресейдің солтүстігінде орналасқан аймақтарға барған.
«Ресейдің Ямало-неміс автономиялық округінің Ямал ауданында орналасқан Сеяха (Се-Яха) ауылына Қазақстан және Ресейдің волонтерлары бардық. Арктикалық шеңбердің ар жағына деуге болады. Экологиялық және мәдени миссиямен ол аймақта 2 апта болдық. Ресейдің солтүстігінде өмір сүретін, тундраны мекендейтін, саны азайып бара жатқан, бұрынғы ата кәсібін бүгінгі күнге дейін жалғастырып келе жатқан ұлттармен сұхбаттасып, соған қатысты ақпарат жинадық», - деп Ақмарал ханым өмірінің ерекше кезеңінің бірімен бөлісті.
Бұл ретте айта кетерлігі, еріктілер өңірлік ішкі саясат департаментімен бірлесіп, әлеуметтану саласында зерттеу жүргізді. Сауалнамаға білім беру саласының қызметкерлері, мектеп-интернат оқушылары, ауыл тұрғындары және көшпелі тұрғындар қатысқан. Зерттеу нәтижелері жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі іс-шараларды іске асыру кезінде ескеріледі, дейді халықаралық ұйым тарапы.
Сонымен қатар эко-әлеуметтік экспедиция аясында «Жасыл Арктиканың» 17 еріктісі екі апта бойы Саяха ауылының аумағын тазалаумен айналысты. Олар 90-шы жылдардың соңында аймақта қалып кеткен металл сынықтары мен құрылыс қоқыстарынан 7,5 гектар алты орынды тазартқан.
ТІЛШІЛІК ТІРШІЛІК
Әуесқой спорт, саяхат, волонтерлық қызметтен басқа, Ақмарал Есімханованың күнделікті айналысатын кәсібі – журналистік сала.
«Қазіргі уақытта тілшілік жұмыс істеймін, ақпараттың ортасында жүру өте қызық. Күнде әр түрлі кәсіп иелерімен кездесемін. Бір күнім екінші күнге ұқсамайды, сондықтан осы мамандықты жақсы көремін. Ал әуесқой спортқа келетін болсақ, алдағы уақытта да мен Берлин марафоны сияқты ультрамарафондарға қатысуға ниеттімін. Алға, Қазақстаным!» - деп сөзін қорытындылады үлкен арманның иесі.
Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН