Акбаржон Исмаилов: Қазақ жерінде дүниеге келген соң бәріміздің ана тіліміз – қазақ тілі болуы керек

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда 40 шақты достық ұйымы болса, оның әрқайсысында тіл орталықтары бар

акбарҚазақтың кең-байтақ, ұлан-ғайыр даласы бүгінде 100-ден артық ұлт пен ұлыс өкілдеріне ортақ отан болып тұр. Осы себепті елімізде 1 мамыр – Қазақстан халқының Бірлігі күні болып есептеледі. Мерекенің басты мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, өзара татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау. Ал осы істе Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған шаруасы аз емес. Azattyq Ruhy тілшісі мереке қарсаңында ҚХА Төрағасының орынбасары лауазымына жуырда ғана кіріскен, республикалық тәжіктер этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаиловпен тілдесіп, ұйымның атқарып отырған шаруалары туралы толық мәлімет алды.

Ол сөз басында Қазақстан халқының Бірлігі күні еліміздегі маңызы зор мерекелердің бірі екенін айтып, бұл мейрам 100-ден аса ұлт пен ұлыстың өзара татулығының белгісі екенін тілге тиек етті.

Сөзін жалғай отырып, жуырда ғана кіріскен жаңа лауазымында қазақ тілінің дамуына ерекше көңіл бөлінетінін қозғап өтті.

«Қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі - тіл мәселесі. Бұл тақырыпқа Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айрықша тоқталып өткен болатын. Өз басым бұл елде өмір сүріп жатқан әрбір адам қазақ тілін – мемлекеттік тілді білуі керек деп ойлаймын. Ал бәріміз қазақ жерінде дүниеге келгеннен кейін бәріміздің ана тіліміз – қазақ тілі болуы керек. Өзім алты ағайындымын. Бәріміз қазақ тілінде білім алып, қазақы ортада, қазақы тәрбиемен өстік. Өзімнің балаларым да қазақ мектебінде білім алып жүр. Ал этно-мәдени орталықтар қазақ тілінің жанашыры ретінде бұл мәселені үнемі көтеріп келеді. Қазақстанда 40 шақты достық ұйымы болса, оның әрқайсысында тіл орталықтары бар. Осы орталықтардың негізгі қызметі де сол – қазақ тілінің дамуына кішкене де болсын үлес қосу. Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше түрлі этнос өкілдері осылайша қазақ тілінің өркендеуін алға қойып отыр», - дейді Акбаржон Исмаилов.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ширек ғасырға жуық тарихы бар. Ол өз сөзінде жұрт арасында ұйымның жұмысын сынға алатындар бар екенін тілге тиек етіп өтті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына өзгерістер қажет. Шыны керек, жұрт арасында ҚХА тек өзге ұлт өкілдеріне ғана арналған ұйым деген жаңсақ пікірдің де бары рас. Бірақ шындығында бұл қате пікір. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы ең алдымен қазақ халқы үшін, содан кейін қазақ халқының қанатының астында барлық этнос өкілдерін топтастыру үшін, олардың өзара татулықта, бірлікте өмір сүруі үшін маңызды. Сол сияқты қазақтың қасиетті топырағында өмірге келіп, осы мекеннің нанын жеп жүрген әрбір адам қазақ тілін біліп, дана халқымыздың атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлерін дәріптеу жолында Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарар жұмысы өте зор», - дейді тәжіктер этномәдени орталығының төрағасы.

Ойын жалғай отырып, қайырымдылық іс-шаралары ұйымның дәстүрлі шаруаларының бірі екенін қозғап өтті.

«Бізге Қазақстан халқы Ассамблеясы өте қажет. Бір ғана мысал, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінен байқаулар ұйымдастырылады. Одан қала берді басына іс түсіп, қиын жағдайға тап болған жандарға арнап түрлі қайырымдылық іс-шаралары өткізіледі. Міне осындай игі бастамалардың көбінің басы-қасында Қазақстан халқы Ассамблеясы жүр. Қазақстан барлық этнос өкілдеріне мүмкіндіктің бәрін берді. Өз тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап, дамытуға қажет жағдайдың бәрін жасады. Ал енді біз, басқа этнос өкілдері Қазақ еліне деген алғысымызды қалай жеткіземіз?! Тәжік этномәдени орталығының құрылу мақсаты - осы елге қызмет ету, кемшін тұстарын толықтыруға септігін тигізу», - дейді Акбаржон Исмаилов.

Сөз арасында Ассамблеяға қандай өзгерістер қажет екенін былайша түсіндіріп өтті.

«Өзгерістер қазірдің өзінде басталды. Қазір жаңа буын – қатарымызға жастар қосылып жатыр. Олардың бәрі қазақ тілінің дамуына үлкен септігін тигізетініне сенімдімін. Сол сияқты Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары жастар қауымынан таңдалды. Өзім соның мысалы бола аламын. Еліміз, жеріміз үшін түйткілді болған мәселелер аз емес. Солардың шешілуіне өз тарапымыздан септігімізді тигізу үшін аянбай еңбек етеміз. Бүгінге дейін атқарылған шаруалар аз емес. Әлі де атқарылатын жұмыс шаш етектен. Білек сыбана кіріскелі отырмыз. Өз басым Ассамблея Төрағасының орынбасары лауазымына жуырда ғана келгеніммен 2017 жылдан бері ҚХА мүшесімін», - дейді тәжіктер этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов.

Ол өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары болғанымен бұл қызметте жалақы алмайтынын тілге тиек етіп өтті.

«Бұл қоғамдық жұмыс болғаннан кейін жауапкершілігім үлкен болғанмен жалақы қарастырылмаған. Маған ақшадан бұрын еліме, халқыма пайдасы тиер жұмыс істеп, осы жолда еңбек еткенім әлдеқайда маңызды. Осы елде өсіп-өніп, өмір сүріп жүрген соң қызмет етуге үнемі дайынбыз», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығымен құрылған болатын. Бүгінде республикада бір мыңнан астам этномәдени бірлестік бар, оның ішінде 14 республикалық бірлестік жұмыс істейді. Ал 405 этномәдени бірлестік сауалнамада аккредиттелген (14-і – республикалық және 391-і – өңірлік).

Қайырымдылық іс-шаралары Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін дәстүрге айналған. Ұйымның баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Түркия жеріндегі болған жойқын жер сілкінісінен кейін жедел көмек жинады. ҚХА құрылымдары Түркияға қаржылық көмек ретінде 126 млн теңге аударды, сондай-ақ 54 млн 448 мың теңге сомасына алғашқы қажетті тауарларды жөнелтті.

Ал өткен жылы Қостанай облысында болған орман өртінің салдарын жою үшін 60 млн теңгеден аса қолма-қол ақша және 243 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды.

Екібастұздықтарға қолдау ретінде жылу электр орталығындағы апат кезінде 750 жылытқыш, 50 көрпе, 20 ұйықтауға арналған жылы қап, 80 қап киім, ақшалай қаражат жинады.