«Тарихи Тараз-2023»: қазақстандықтар ұлттық құндылықты АҚШ-та дәріптеп жүр
АҚШ-та 9 адамнан тұратын делегация қазақтың қолөнерін насихаттауда
Қазақстандық журналист Анар Әбдіманап қазақтың қолөнер бұйымдарын АҚШ-та насихаттап жүр. Ол Azattyq Ruhy тілшісіне «Тарихи Тараз-2023» жобасы жайлы айтып берді.
2022 жылы Тараз қаласы əлемдегі Дамаск, Бұхара, Самарқан сынды қолөнершілер қалалары қатарын 56 болып, Қазақстан бойынша 1- болып толықтырады.
«Қазақстанның туризм саласын дамыту мақсатында бұл өте үлкен мүмкіндік болары сөзсіз. 10 жылдан бері АҚШ-та тұрып жатқан соң 5 жасар ұлымның ортасы ағылшынша ғана болғаны мені қатты алаңдатады. Оның нағыз қазақ болып өскенін қалаймын. Осы себеппен 2022 жылдың қыркүйегінде елге барып, баламды қазақтілді балабақшаға беріп, ортасын түгел «қазақтандыруға» тырыстым. Осы кезде Қуаныш Танбаева құрбымның шақыруымен Жамбыл облысы іскер əйелдер кеңесіне мүшелікке кірдім. Біраз іс-шараларына қатыстым. ІƏК-не əркім түрлі жобамен кіретінін естіп, осы халықаралық «Тарихи Тараз» жобасын кеңес төрайымы Айгүл Ақшаловаға ұсындым. Ол кісіге ұнады, бірден келісімін беріп, мен іске асыру жұмыстарына кірісіп кеттім. Жобаның мақсаты - АҚШ-тағы қазақ диаспораларымен тығыз байланыс орнату, олардың тілді, салт-дəстүрді, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауына үлес қосу», - дейді Анар Әбдіманап.
Себебі сыртта жүрген қазақ үшін ол өте маңызды.
«Өзге халық өкілдерінің аудандары, көп шоғырланған орталары, дүкендері өте көп. Мысалы өзбек, қырғыз, тəжік ағайындардың дəмханалары да, дүкендері де өте көп. Оларға əлдеқайда жеңілірек. Осыдан 5 жыл бұрын ұлыма тұсаукесер жасамақ болғанымда ұлттық киімі бар, дəстүрді көрсетуге арналған керек-жарақтың бəрін Қазақстаннан алдыруыма тура келген болатын. Мен сияқты барлығы солай жасайды. Титтей оюы немесе тудың суреті бар киім болсын, кез келген бұйым көрсек сатып алғымыз келіп тұрады. Себебі сырттағы қазаққа оның барлығы əлдеқайда құндырақ, ыстығырақ», - деп бөлісті ол.
Анар Әбдіманап осының барлығын ойластыра келе ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында, қазақтың қолөнер бұйымдарын АҚШ-та сату идеясын қолға алады.
«Мен біздің ұлттық киім, бұйымдардың АҚШ-та да сатылымда болғанын қаладым. Бірден үлкен дүкендер ашылып кетпесе де, əр штаттағы «қазақ орталықтарында» ең болмаса неге əр қазақ барып сатып алуға мүмкіндік жасамасқа деген ойға келдім. Сонымен 9 адамнан құралған делегацияны визаға дайындап, бір реттен-ақ ешкімнің қолдауынсыз виза алдық. Бұл ешқандай мемлекеттік жоба емес, ашығын айтқанда ешкімнің қаржыландыруынсыз өз күшімізбен жасалған жоба. Барлығы өз қаражатымен келді. Жамбыл облысының қолөнершілерінің тапсырып жіберген заттарын, бұйымдарын, киімдерін делегация АҚШ-қа алып келді», - дейді журналист.
Оның айтуынша, делегация бірінші Техас штатының Хьюстон қаласында көпұлттық наурыз мерекесіне қатысып, жəрмеңке жасаған.
«Осы орайда «Қазақ фаундэйшн» орталығының басшысы Қуатбек мырзаға алғысымыз шексіз екенін айтқым келеді. Одан кейін Илинойс штатының Чикаго қаласында 500-ден аса қазақ жиналған Наурыз мерекесіне қатыстық. Онда көрме өте жоғары деңгейде өтті. Халық саны көп болғандықтан, біздің делегация мүшелері тіпті ас ішуге уақыттары болмады. Халық дəн риза. Келесі күні «Қазақ орталығында» тағы кішігірім көрме жасадық. Мереке кезінде көріп үлгермеген халық сол жерге келіп, керек-жарағын алып жатты. Мұндай шаралардың керек екеніне күмəнім болмаған, ал 2 қалада өткен іс-шаралардан кейін жылына бірнеше рет жасалуы тиіс екеніне көзім жетті. Сонымен кішкентай арманнан туылған бұл жобаның осынау мұхит асып, соншама қазақтың қуануына себеп болғаны мені ерекше қуантқаны анық. Əрине өзіндік қиындықтары болды, дегенмен нəтижесі жақсы», - дейді ол.
Анар Әбдіманап атағандай, қазақтың қолөнер бұйымдарына америкалықтар да қызығушылық танытқан.
«Көрме болып жатқан жерден өткен әр америкалық азамат міндетті түрде киім-кешекті киіп көріп, бас киімді өлшеп, өзіне ұнаған затын алып жатты. Бұл жоба тек шетте жүрген қазақтарға ғана емес, жергілікті халықтың да қызығушылығын тудырғаны екі есе қуантты. Себебі біздің ұлттық киімдеріміз көздің жауын алатындай, әдемі, әсем», - дейді ол.
Ақтөбе қаласының іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Райгүл де қазақтың қолөнерін насихаттап жүрген делегацияға алғысын білдірген.
«Бізге Жамбыл облысының делегациясы келді. Қазақтың ұлттық бұйымдарын жеткізіп, насихаттап жатыр. Біз Қазақстанды қатты сағынамыз. Сондықтан біздің Техас штатында осындай ұлттық құндылығымызды көру үлкен бақыт. Осы іс-шараның басында жүрген қыз-келіншектерге шексіз алғыс айтамын. Бұл - өте керек жоба»,- дейді ол.
Айта кетейік, қазақстандық журналист Анар Әбдіманаптың АҚШ-та тұрып жатқанына 10 жыл болды.
Үлкен қарызын өтеуді мақсат етіп, мұхит асқан журналист қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды насихаттап жүр.
Ол жасөспірім кезінде Америка туралы мүлдем армандамағанын айтады.
«Көп жас сияқты «American Dream» болған жоқ. Ешқашан Қазақстаннан басқа елде өмір сүруге болатынын ойлаған да емеспін. Шынымды айтсам, үш ұйықтасам да, түсіме кірмепті. Бірақ басқа түссе, адам баласы барлығына көнеді дейді ғой. Ол кезде мен үш баланың анасымын, жасым небәрі 29-да еді. Декреттік демалысымда Қытайға туристер апарып, сауда-саттықпен айналысып жүрдім. 2012 жылы біз барып жүрген туристік автобустар қаражатпен ұсталды. Онда қыруар қаржыға алынған тауарлар да кетті. Осылайша, менің мойныма бір түнде қомақты қарыз ілінді. Сол қарыз себепші болып, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласынан бір-ақ шықтым», - дейді Анар Әбдіманап.
Осы жылдары ол АҚШ-та әртүрлі салада қызмет етіп, қазір 40 тонналық контейнері бар жүк көлігін тізгіндейді. Ол АҚШ-тың жолдары мен көлік тоқтайтын аялдамалары (тракт) мүлдем басқа деңгейде жұмыс істейтінін айтады.
«Біздің ел де АҚШ-тың деңгейіне жетсе екен деген іште сәуле бары рас. Алда жүзеге асыратын тағы бірнеше жобам бар. Осындай ерекше жұмыс пен қызмет адам ретінде де, тұлға ретінде де шыңдайды. Алайда өзімнің діңгегімді, негізімді ешқашан ұмытқан емеспін. Шетелде жүрген қазақтардың да жүрегі «қазақ» деп соғады»,- деді ол.
Марья Айдарбаева