Қазақстанның кей облысында ауаның ластану көрсеткіші қалыпты нормадан 10 есеге дейін артып кеткен
Адамзат өркениеттің биігіне құлаш сермеген сайын өзі өмір сүріп жатқан ортасын ластап, бүгінгі таңда бұл әлем бойынша өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Атмосфера, әсіресе, ірі кәсіпорындардың әсерінен бүлінеді. Бұған көміртек пен қорғасын тотығын шығаратын ескі автокөліктерді қосыңыз. Қазақстанның кей облысында ауаның ластану көрсеткіші қалыпты нормадан 8-10 есеге дейін артып кеткен. Экологиялық түйткілді мәселені шешу үшін, ең алдымен, өндірістік кәсіпорындардың қалдықтарын азайтып, атмосфераны ластайтын зиянды заттардың деңгейін төмендететін тазарту жүйесін орнатқан дұрыс. «Темір тұлпарлардан» бас тарту мүмкін емес, сондықтан ең ұтымды жолы – электрлі көлікке көшу қажет дейді мамандар. Қоршаған ортаны қалай қорғау керек? Azattyq Ruhy тілшісі СҚО Экология департаментінің жетекшісі Азамат Бектасовпен сұхбаттасқан еді.
– Азамат Бауыржанұлы, өзіміз өмір сүріп жатқан қоршаған ортаның жағдайы кімді де болсын алаңдатпай қоймайды. Бүгінгі сұхбатымызда өңіріміздің экологиялық мәселелеріне кеңінен тоқталсақ. Солтүстік өңірдің ауасы өзге облыстарға қарағанда таза деген пікір бар. Расымен де солай ма?
– Бұл жөнінде мониторинг жұмыстарын «Қазгидрометтің» облыстық филиалы жүргізеді. Облысымызда ауаға зиянды зат бөлетіндер көп, мәселен, ластау көздерінің жалпы көлемін 100 пайыз деп алсақ, соның 49 пайызы жылуэлектр станцияларына тиесілі. Ал көрші Павлодар облысын алып қарасақ, онда ірі кәсіпорындар, мысалы, «Богатырь» көмір шахтасы, «ГРЭС-1» және «ГРЭС-2» электр станциялары көп ластайды. Оларға қарағанда бізде үлкен өндіріс ошақтары аз. «Қазгидромент» мамандары жүргізген зерттеу мәліметіне сүйенсек, бізде ауаны ластау көздері азая бастағанын көреміз. Тағы бір айта кететін жақсы жаңалық – ауылдық жерлердегі жылыту қазандықтары көмір орнына сабан жағады. Бұл – экологиялық тұрғыдан таза әдіс. Облысымыздағы 120-ға жуық жылыту қазандығының біразы зиянды қалдық шығармайды. Мәселен, Есіл ауданының орталығы Явленкадағы төрт жылу қазандығының екеуі – көмір, қалған екеуі сабан жағады. Бұл – бюджетке де үнем, күл де аз шығады әрі ауаны көмірге қарағанда 10 есе аз ластайды.
– Петропавлдағы жаз шықса қолқаны қапқан жағымсыз иісті жою мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– «Қызылжар су» ЖШС балдырларды пайдалану арқылы сарқын су құйылатын көлді тазалауды қолға алды. Лас су төгілетін көл мен елдімекеннің аралығы бір шақырымнан кем болмауы тиіс. Бұл норма сақталған. Өткен жылдан бері сасық иіс азайып келеді. Алдағы уақытта көлден тағы да сынама алынады. «Қызылжар су» ЖШС балдырларды пайдалану үшін үшжылдық келісімшартқа отырып, серіктестіктің жеке қаржысынан 120 млн теңге бөлді. Екі жылдың нәтижесі жақсы. Қазір осы тірі организмдер көл суын тазартуда.
– Тірі ағзалар демекші, олар сақылдаған сары аязда қатып қалмай ма?
– Олар анобиоз деген түрге жатады. Температура нөлден төмен түскенде «ұйықтап», күн жылынғанда қайтадан тіршілігін жалғастыра береді. Ерекшелігі – қалдықтарды жеп, қоршаған ортаға оттегін бөліп шығарады. Жергілікті ғылым орталығының мамандары мұндай көлге балық жіберуге де болатынын айтады. «Қызылжар су» ЖШС-ның зертханасы бұл жұмысты жалғастыруда. Балдырларды өсіріп, лек-легімен көлге жіберіп отырады. Ал нәтижесін алдағы уақытта жұртшылыққа паш етеміз. Жекелеген адамдардың шағымынан кейін өткен жылы қыркүйекте аталған көлдің жағасында біраз уақыт тұрдым. Бір байқағаным, көл суының табиғи иісінен басқа бөгде иісті сезбедім.
– Күн ыстықта көп тұрса, көлдің суы да сасиды ғой. Оған қарағанда бұл көлге лас су төгіледі дегендей…
– Қар көп жауған жылдары көлшіктер пайда болатыны рас. Алайда жерасты көзі болмағандықтан, бірте-бірте жерге сіңеді. Су бар жерде өмір бар демекші, ол тартылғанда ондағы тіршілік иелері өле бастайды, яғни шіриді. Содан сасық иістің пайда болуы – табиғи құбылыс.
– Есіл ауданы Бұлақ ауылындағы алтын қазатын кәсіпорынға шағым көп. Сол сияқты қазір Өрнек ауылында да қиыршықтас өндірісі бар. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қолқаны қабатын газ бөлінетін көрінеді. Осындай өндіріс орындарына тексеру жұмыстарын жүргізесіздер ме?
– Бұлақтағы алтын өндіретін кәсіпорынға қатысты арыздар түскені рас. Тұрғындар радиация көбейіп, онкологиялық ауруларға шалдыққанын жеткізген. Анық-қанығына көз жеткізу үшін арнайы комиссия құрылды. Мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры және санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандарымен бірлесіп, радиацияны өлшейтін құралмен гамма сәулесін өлшедік. Нормадан асқан жағдай байқалмады. Санитарлық мамандар топырақтың, судың сынамасын алып тексерді. Бәрі қалыпты. Кейін аудан әкімі ауыл тұрғындарының басын қосып, жиналыс өткізді. Алтын шығарумен айналысатын кәсіпорын жұмысын тоқтатқаны белгілі, сол себепті ішінде тексеру жұмыстарын жүргізе алмадық. Өзіңіз білесіз, жұмысы тоқтаған мекемені біздің тексеруге құқығымыз жоқ. Ал Өрнек ауылы маңындағы қиыршықтас өндірісі туралы хабарсызбын.
2020 жылы прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, облыста заңсыз жер пайдаланғандарға тексеру жүргіздік. Нақты материал негізінде әкімшілік іс қозғалды. Заңсыз пайдаланған қазба орындарының санын анықтап, оларға қоршаған ортаға келтірілген залалы бойынша айыппұл төлеттік. Қазір заңсыз жер пайдалану жойылды десе де болады.
– Өңіріміздегі тағы бір проблема – бұрын уран өндірген шахталардың ашық-шашық жатуы. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Ғабит Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандарында бұрыннан келе жатқан уран кен орындары 2010 жылы толық жабылды. Шахтаның мүлкі иесіз жатқаннан кейін оны кім көрінген ұрлап, қажетіне жарайтын заттардың бәрін алып кетті. 2015 жылдан осы мәселені бақылауға алдық. Гамма сәулесінің мөлшерден асу фактісінің бар-жоғын тексердік. Кейбір шұңқырдың беті темірмен немесе металмен жабылған болатын, оны жергілікті тұрғындар сатып жіберіпті. Мәселені тез арада шешу қажет болды. 2018 жылы «Жол картасы» жасалып, сот шешімімен иесіз шахталар жергілікті атқарушы органның қарамағына өтті. Содан кейін ғана, яғни 2020 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда қоршаулар мен радиациялық қауіпсіздік белгілеріне қаражат бөлінді. Айыртау ауданында бұл жұмыс қазір тоқтап тұр. Жалпы бұл аумаққа кіруге, мал жаюға болмайды. Жақын маңдағы бірнеше ауылға барып, ондағы тұрғындармен кездестім. Олар ешқандай кері әсерін сезінбегенін жеткізді. Бұл ауылдардың тұрғындары кезінде осы шахталарда жұмыс істеп, нәпақасын тапқан. Тіпті кейбір отбасылар балаларын осы сала бойынша оқуға түсірген болатын. Болашақта осында жұмыс істейді деп жоспарлаған ғой. Бірақ соның бәрі далада қалды.
– Сіз бір сұхбатыңызда СҚО-да өткен жылы экологияға байланысты 140-қа жуық заң бұзушылық анықталғанын айтыпсыз. Бастыларын атап өтсеңіз. Жауапкершілікке тартылғандар бар ма?
– Қазір экологиялық рұқсаты жоқ нысандар көп. Мәселен, кейбір кәсіпорында жылу қазандығының біреуі заңды болса, қалғаны заңсыз. Бұл – салықтан жалтарудың айласы. Көбі Экологиялық кодекстің ережесін айналып өткісі келеді. Берілген есеп бойынша өңірімізде қанша ластау нүктесі бар екеніне сараптама жасаймыз. Мәселен, қанша қалдық зат шықты, оны жоюдың жолы қайсы, қалдық сұрыптала ма, әлде қоқыс алаңына төгіле ме дегендей. Біздің мамандар сол нысандарға барып, тексеру жүргізу арқылы көз жеткізеді. Тексеріссіз әкімшілік іс қозғай алмаймыз. Экологиялық кодекс бойынша әр ластаушы заттың нормативі бар. Соны көбі елемейді, кейбіреулер қоқысты келісімшарт жасамастан өзі шығарады, екіншісінің зиянды қоқысты қайда жіберетіні де белгісіз.
– Әлеуметтік желіде қоқыс уақытында шығарылмайтыны жайлы көп жазылады. Сіздерге шағым айтып келетіндер бар ма?
– Экология кодексі бойынша қалдықтарды басқару және оны шығару жұмыстары жергілікті атқарушы органға жүктелген. Яғни бұл жұмысқа Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауапты. Біз – бақылаушы органбыз. Бізге де арыздар келіп түседі, ізін суытпай әкімшілікке жөнелтеміз.
Облыс бойынша тұрмыстық қалдықтар төгетін 454 қоқыс алаңының 335-інде ғана жер актісі бар. 11-інде ғана қажетті құжаттар толық рәсімделген. Оларды рәсімдеу жұмысы қаражатқа келіп тіреледі. Ауылда жұрт қоқысты пешке жағып жібереді немесе жерге көміп тастайды. Бұлай істеуге болмайды. 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жол картасында 2023 жылдың соңына дейін аудан орталықтарында 9 қоқыс сұрыптау алаңын салу жоспарланған. Сметалық құжаттары дайын, енді сараптамадан өтуде. Әр аудан әртүрлі баға көрсеткендіктен, қаражат жағы әлі шешімін таппаған. Менің ойымша, қоқыс сұрыптау алаңдарын ел көлемінде бірдей етіп салу керек. Сонда ғана бағада алшақтық болмайды.
– Қызылжардың сәні – аққайыңдар сиреп барады. Осы жайт сізді алаңдатпай ма?
– Жалпы әрбір елдімекенде жасыл желек көп болғаны дұрыс. Қазақ «бір тал кессең, он тал ек» деген ғой. Жақсы нәрсені құрту оңай да, қалпына келтіру қиын. Ағаштар сиреп бара жатқаны жасырын емес. Сондықтан 2020 жылы көгалдандыру жоспары құрылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, елімізде 2 миллиард түп ағаш отырғызылады. Бұл өте ауқымды жұмыс.
– Есіл өзені суының жыл сайын деңгейі төмендеп, тартылып бара жатқан сияқты. Судың жағдайын тексеріп тұратын мамандар не дейді?
– Есіл өзені деңгейінің түсуіне негізгі себеп – қардың аз жаууы. 2016 жылы су деңгейі қатты көтерілді. Кейін бірте-бірте төмендеп, қазіргі таңда өзінің бұрынғы деңгейіне түскен сияқты. Есіл өзені шекаралық су айдыны болғандықтан, біздің зертхана мамандары Ақмола облысынан кірген кездегі және шыққандағы бөлігін ғана зерттейді. Ешқандай нормадан асу жағдайы анықталмаған. Судың ластану деңгейі біздің облысымызда тұрақты.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!