«Енемнің арқасы»: алып ұшақты тізгіндеген қазақтың ұшқыш қызы

Ол ұшқыш мамандығының қызықты әрі қиын тұсын қозғап өтті

«Енемнің арқасы»: алып ұшақты тізгіндеген қазақтың ұшқыш қызы

Қазақ әйелдерінің арасында өжеттігімен, алғырлығымен аса жауапты, әрі қиын істерді меңгерген нәзік жандылар аса көп емес. Әсіресе көкте ұшақты қалқытып, штурвалда еркін отыратын арудың бірі – Ақерке Шопатаева. Ол Қазақстандағы санаулы әйел ұшқыштардың бірі. 35 жастағы көпбалалы Ақерке Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» компаниясында істейді. Azattyq Ruhy тілшісі 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында қайсар келіншекпен сұхбаттасты.

– Ақерке ханым, ұшқыш мамандығын таңдауыңызға не түркі болды?

– 11-сыныпты оқып жүрген кезімде мектепке ұшқыштарды даярлайтын оқу орталығы жарнама жасап келді, Як-52, Як-18Т ұшақтарына ұшқыш болуға шақырды. Менің бұл салаға баратын ойым болмаған еді. Алайда анам барып мені курсқа жазып келді. Анамның айтқанын жерге қалдырмайын деп оқуға бардым. Бір жыл теориясын оқыдым. Ұшу уақыты да келді. Бір-екі сағат ұшып көрдім. Сол кезде барып махаббатым ашылып, мамандығымды жақсы көріп кеттім. Болашағымды осы саламен байланыстырдым. Мектеп бітіріп, 2003 жылы Алматыдағы Азаматтық авиациялық академияға түстім, Ан-2 ұшағын меңгеріп шықтым. Ұшқыш мамандығын меңгерген жалғыз қыз болып, бітіріп шықтым.

– Сіз тек ұшқыш емес, сондай-ақ, құтқарушы да болып жұмыс істейсіз ғой?

– 2008 жылдан бері Ми-8 тікұшағымен ұшып жүрмін. Жолаушыларды тасымалдау, өрт сөндіру, құтқару қызметтері, аэровизуалдық жұмыстарды атқарамыз. Қазіргі күні күнделікті құтқару жұмыстары болып жатқан жоқ. Оқу-жаттығу күнделікті өтіп тұрады. Деңгейімізді әрдайым жоғарылатып тұрамыз.

– Әуеде қандай қиындықтармен кездестіңіз?

– Ұшатын кезімізде алдын ала дайындықтар болады. Бағыт бойынша штурмандық бақылау жасаймыз, есептейміз. Мысалы, 180 км жерге қанша уақытта жетеміз? Жанармай қанша уақытта жетеді? Осы секілді жауапты сұрақтар аз емес. Одан кейін медициналық бақылаудан өтеміз. Кейін брифинг болады. Ол жерде ұшып барып-келетін жолымызда қандай ауа райы тосып тұрғанын, ауа қысымын талқылаймыз. Өзімізге қолайлы ауа райы болса ұшып кетеміз. Атқарылатын іске байланысты күндіз немесе түнде ғана, тәулік бойы ұшатын кездер болады. Күзде Қостанайда өрт шыққанда біздің ұшқыштар күн-түн демей жұмыс атқарды. Оқу-жаттығу кезінде бірнеше сағат ұшамыз.

Қызметте менен басқа да әйел адамдар бар. Тікұшақпен ұшу өте күрделі жұмыс болып саналады, сондықтан мұнда әйел адамдар келе бермейді. Бірақ мамандық әйел, ер деп бөлінбейді. Ең маңыздысы, күрделі әуе кемесін меңгеруге деген қабілетінің болуы. Кейбір ер адамдар бар, алып кете алмайды. Өзім куә болғанмын. Кез-келген келеңсіз жағдай болып қалғанда, адамның ойлау қабілеті рөл атқарады. Сондықтан әйел мен ер деп бөлуге болмайды. Мұндағы ең қиын нәрсе – техниканы меңгеріп кету.

– Апатты жағдайдан аман қалған кез болды ма?

– Тікелей төнген шұғыл апатты жағдайларға түсіп көрген жоқпын. Бірақ әр сәтіміз аса жауапты. 2009 жылы тау басында қалып қойған альпинистерді құтқаруға бардық. Көлік апаты болған кезде, адамдарды алып келдік. Нарынқол жақта су тасқыны болғанда геодезистер жарақат алып қалған еді, оларды құтқаруға бардық. Таулы аймақ болғаннан кейін білікті мамандар баруы керек. Мен екінші пилот болып қатыстым. Жоғалған адамдарды, суға батқан адамдарды іздедік.

Ұшқыш мамандары басқа жұмысшылар сияқты зейнеткерлік жасқа толып барып, зейнетке шығады. Біздегі жас шектеуін алып тастаған.

– Білуімше, көпбалалы анасыз. Қалай үлгеріп жүрсіз?

– Менің 4 балам бар, кенжем 2 жаста. Ата-енеммен тұрамыз, сондықтан ол кісілер балаларды қарап, көмектеседі. Аса қиын, әрі қызықты қызметтен кетпей, осы күнге дейін жүруім енемнің арқасы.

– Қызықты мәліметтеріңізге көп рақмет! Мерекеңізбен құттықтаймыз!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.