200-ге тарта шоқпар жасаған: қолөнерші ұлттық қаруды Америка жұртшылығына таныстырмақ

Azattyq Rýhy

Нұрлыбек Бұлжан бірнеше аптадан кейін Флорида штаты Майами қаласында өтетін әз-Наурыз мейрамына дайындалып жатыр

200-ге тарта шоқпар жасаған: қолөнерші ұлттық қаруды Америка жұртшылығына таныстырмақ

Қазақ елінің тарихына көз жүгіртсек, соғыс өнерін ертеден меңгерген ұлтымыз әр шайқасқа әртүрлі қару сайлайтын. Махамбет Өтемісұлы жырлағандай, «ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай» ерлердің ісі бітпейтін. Қазір әрине бейбіт күннің баласы ата- бабаның осындай ерлігін жыр-дастандардан, тарихи фильмдер мен құжаттардан оқып, көріп жүр. Дегенмен, өскелең ұрпақ қазақ батырлары ат үстінде қандай қарумен шайқасқанын, жаяу қалғанда қолға жеңіл, әдіске икемді бес қаруын ұстап көріп өссе, ұлттық құндылықтардың салмағы еселене түспек. Осы мақсатты өмірлік ұстанымы еткен қолөнерші, жекпе-жек өнерінің шебері Нұрлыбек Бұлжан соңғы жылдары 200-ге тарта шоқпар жасап, оны халыққа тегін таратқан, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жалпы, Нұрлыбек Бұлжанмен сұхбаттасуға түрткі болған екі мәселе бар – бірі киелі қару шоқпарды өз қолымен жасап, оны ұнаған адамына тегін сыйлайды екен. Сан түрлі сәнмен жасаған шоқпарларының оншақтысы шетелдік сыйлы қонақтарға «қазақтың ұлттық бренді» ретінде тарту етілген. Ал, екіншіден қазақтың ұлттық мейрамы – Наурыз кезінде Нұрлыбек Бұлжан Америка Құрама Штаттарына барып, шоқпарларын көрмеге қатыстырмақ.

Анықтама: Шоқпар – сойылдың қорғанысқа, ұруға арналған түрі. Бас жағы жұмыр болады. Көбінесе ырғай, тобылғы, қайың секілді қатты ағаштардан жасалады. Шоқпарды кей өңірлерде қолағаш, келдек, сайғақ, шомақ деп те жатады. Айтпақшы, сота, қорағаш  деп аталатын шоқпар түрлері тағы бар. Шеберлер шоқпар жасау үшін бұл ағаштарды түбірімен қоса қазып алады да, бас жағын жұмырлайды. Кейде шоқпардың басына темір немесе қорғасын құйып жатады.

– Нұрлыбек мырза, өкінішке қарай, біз ұлттық киіміз бен ұлттық бұйымдарымызды Наурыз мерекесі жақындағанда ғана еске алуды әдетке айналдырдық. Сіз қазақтың бес қаруының бірі -шоқпарды қолдан жасайтын шебер екенсіз, сіздің де өніміңізге деген сұраныс Наурызда бастала ма? Жалпы, ұлттық құндылықтарымызды мейрамның атрибуты ғана емес, жыл он екі айда қолданысқа енгізуге не кедергі деп ойлайсыз? Мүмкін, құндылықтарды үнемі дәріптеуге келгенде өзіңіздің бір тәсіліңіз бар шығар?

– Менің ойымдағы, менің адами, қазаққа қолымнан келгенше жасап жүрген дүниемнің үстінен дөп түстіңіз. Өзім қазақылықты әр күн сайын көрсетуге тырысамын. Тек қана Наурыз мейрамында емес, күнделікті өмірде, мейлі ол жиын той болсын, мейлі ол жай кездесу болсын, мен қазақтың ұлттық киімін киіп жүремін. Ал, өзімнің отбасымда қандай да бір той, қуаныш болса, мен шақырған қонақтарымның барлығына бірден «қазақтың ұлттық киімін киіп келуге тырысыңыздар» деймін.

Екіншіден, шоқпар жасай бастағаныма жеті жыл болды. Шоқпар жасау түсіме аян болып кірді десем болады, осылайша, 2016 жылдан бері киелі қаруды жасай бастадым. Ең қызығы, ауылда жүргенде, сонау жайлауда жатқанда шоқпар жасамаған адам осы аяннан кейін Алматыда шебер атандым. Сол жылдан бері мен 200-ге жуық шоқпар жасаппын. Жүзінші шоқпарымды Дәулет Тұрлыхановқа (грек-рим күресінің балуаны - авт) сыйлаған едім. Жалпы, шоқпарларымды сыйға тартарда адамның дәрежесіне, атақ-даңқына емес, ниетіне көңіл аударамын. Өзіме қандай да бір адамның осы қазақтың салт-дәстүрін дамытуда атқарып жатқан жұмысы, еңбегі ұнаса, сол адамға шоқпар сыйлаймын. Ол, әрине атақты адам болуы мүмкін, еден жуушы қызметкер болуы мүмкін, маған бәрі бір, тек ол адамның қазақи болмысы және сол болмысына сай іс-әрекеті болса, шоқпарымды сыйлаймын. Сегіз шоқпарым қазақтың ұлттық бренді ретінде шетелге кетті. Мәселен, бірі Канадаға кетті.

– Нұрлыбек мырза, шоқпарды сатып пайда көресіз бе, жоқ па? Оны сұрап отырғаным, ұлттық қолөнеріміз қолынан келетін көп адам «ұлттық бұйымдарға деген сұраныс аз, тиісінше, пайда да аз» деп бастамаларын тастап кетеді. Соңғы жылдары ұлттық бұйымдар трендке түскені болмаса, шынымен сұраныс аз еді.

– Шоқпарды саудаға салған жоқпын. Шоқпарды жаңағы айтқанымдай, өзіме ұнаған адамдарға немесе ырымдаған адамдарға сыйлаймын, бірақ, сатпадым. Шоқпар жасап, тарихымыз туралы ойланған сайын, білген сайын рахаттанамын. Өйткені, менің ұстанымым – тым болмағанда бір қазақтың үйінде шоқпар тұрса, ата-бабамыздың рухы өлмейді деп ойлаймын. Шоқпарды тегін сыйласам да қазақ кеңпейілдігін әрдайым дәлелдеп, мені құр қол жібермейді. Біреуі ақша берсе, біреуі шапанын кигізеді, біреуі жейдесін сыйлайды. Ал, ең бастысы, мен шоқпарды тегін бергеніммен, басқа жұмыстарым өрге домалап, алға баса бастады. Яғни, сүйікті ісіммен айналысып, қазақтың дәстүрі мен ұлттық бұйымы өлмесін деген сайын дархан даламыздың маған берер жақсылығы көбейе берді. Ал мен қандай да бір шараға немесе қонаққа бара жатқанда шоқпар ала барсам, жиналған қауым ерекше көңіл-күйде болады. Өйткені, халық «шоқпарда қазақтың рухы жатыр, бұл бабалар ұстаған бес қару, бұл біздің бес қаруға деген құрметіміз» дейді. Ал, өз басым шоқпарды сатсам, керісінше, киелі бұйымның құнын түсіріп алатын едім деп ойлаймын.

– Биыл Наурыз мейрамы кезінде Сіз шоқпарларыңызды алып, Америка Құрама Штаттарына аттанады деген ақпарат жетті?

– Жалпы, сөз басында айттым ғой, мен жалпы саны 200 шоқпар жасағанмын. Оның бәрі республиканың аймақ-аймағына тарап кетті. Осы аралықта мен ұлттық бұйымдардың сан түрлі көрмелеріне де қатыстым. Қазақтың Темір Сыпатаев деген балуан жігіті бар, соның қолындағы шоқпар да менікі. Сол Темір Сыпатаев мені ең алғашқы халықаралық жарысқа шақырған адам. Ол жарыс Жаркент қаласында өтті. Жарыс аясындағы көрмеге мен 80 шоқпар апарып қойдым. Сол көрме кезінде қазаққа келін болған қырғыз қызымен танысып, ол қазақтың шоқпар қаруына қызықты. Бір ай бұрын сол қыз маған телефон шалып, Америкада өтетін Наурыз мерекесіне шақырды. Ұйымдастырушыларға шоқпар жайлы, қазақтың қолөнері жайлы толық ақпарат берген екен. Осылайша, АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі Флорида штатының Майами қаласында «Қазақстанның күндерін» ұйымдастырып, әз-Наурыз мерекесін атап өтпек. Дәл қазір сол шараға қызу дайындалып, шоқпарларымды сайлап жатырмын.

– Ендеше, сұхбатыңызға рақмет, ендеше қазақтың киелі қаруы – шоқпарды Америка жұртшылығы қалай қабылдағанын айтып, сапардан оралған соң тағы да сұхбаттасамыз деген ниеттеміз. Сәт-сапар!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.