Шетел жайлы «романтика» мен стереотиптер – Түркияда оқып жатқан журналист

Автор: Azattyq Rýhy

Түркиядағы қазақ журналисі шетел асқысы келетін жастарға кеңесін айтты

Бүгінгі кейіпкеріміз Түркияда оқып, жұмыс істеп жүрген қазақ студент – Ұлжан Қойшыманова. Жамбылдық Ұлжан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, жуналистика факультетінің бакалаврын бітірген. Қазір ол Антальядағы Акдениз университетінде магистратурада оқиды. Azattyh Ruhy тілшісі Ұлжанмен Түркияның білім жүйесі, шетелдегі өмір мен саяхат туралы әңгімелесті.

ТІЛ БӘРІМІЗДІ БІРІКТІРДІ

Ұлжан Түркияның шетелдік студенттерге арналған білім грантын жеңіп алған. Айтуынша, грант жеңгендер шәкіртақы алып, жатақханада тегін тұру мүмкіндігін иеленеді.

«Мен бакалаврды бітіргеннен кейін, магистратураны шетелде оқығым келді. Интернет желісі арқылы түрлі бағдарламалармен Чехия, Қытай және Түркия елдеріне, сосын өзіміздің ҚазҰУ-ға магистратураға құжат өткіздім. Қызық болғанда, құжат өткізген 4 жерден де қабылдау келді. Чехияда жатақхана төлемақысы өз қалтаңнан, өмір сүру қаражаты қымбатқа түсті, оның үстіне чех тілін оқуды міндеттеді. Қытайда да бір жыл қытай тілін меңгеру басты талап болды. Шыны керек, бір жылда ең қиын тілді меңгеруге қабілетім жететіне сенімсіз болдым. Содан, не де болса мұсылман елі, өзімізге түрі де, тілі де жақын Түркияны таңдадым. Мұнда мен «Türkiye bursları» деген бағдарлама арқылы грант ұтып алдым. Алғашқы жыл түрік тілін оқыдық, тілді меңгергеннен кейін ғана сабақ басталды», - дейді ол.  

Кейіпкеріміз кез келген елдің өзгелерге тегін грант үлестіруі «өз мәдениеті мен тілін насихаттау» екеніне көз жеткізген. Ол бүгінде ана тілі мен орыс тілінен бөлек,  ағылшын, түрік тілдерін жетік біледі.

«Шетелдің қай еліне құжат тапсырсаңыз да, қосымша сол елдің тілін оқуға сізді міндеттейді. Себебі, сіз арқылы олар өзге елдерге тілін, мәдениетін насихаттап, ортада көпір салып жатыр. Әрине, бұл сондай бір қорқынышты құбылыс емес шығар. Бір байқағаным, сен қай тілде сөйлесең, сол елдің адамдарына, мәдениетіне, тіпті, саясатына да түсіністік танытып, өзгеше бір көзқараспен қарай бастайсың. Мысалы, біздің тобымызда «Türkiye bursları» бағдарламасымен әлемнің түкпір-түкпірінен, шамамен 35-ке жуық елден, студенттер жиналған. Бүгінде біздің бәрімізді түрік тілі, түркі мәдениеті біріктіріп отыр», - дейді ол.

ТҮРКИЯДАҒЫ ҰСТАЗДАР МӘРТЕБЕСІ

Ұлжан Түркиядағы білім жүйесі Қазақстанға ұқсас болғанымен, ондағы ұстаздар мәртебесі, оларға деген құрмет мүлдем бөлек дейді.

«Жалпы алғанда, Түркиядағы білім беру жүйесі біздікіне ұқсас. Өйткені барлығы америкалық немесе еуропалық оқу жүйесі негізінде құрылған. Бұл жақта орта білім 12 жылдық, бакалавр 4 жылдық. Таңдаған факультетіңе байланысты дайындық жылдары, яғни, «foundation», ағылшын тілінде сабақ алатын болсаң, «бір жылдық ағылшын дайындық курсы» секілді қосымша таңдаулар да бар. Бұл елдегі бір айта кететін нәрсе, ұстаздарға деген құрметтің ерекшелігі.

Бізде мұғалім студенттерді жинап, түгендеп жүрсе, ол аздай деканаттағылар мұғалімнің үстінен тексереді. Біздің студенттік жылымызда сондай болатын, ендігі оң өзгерістер бар  деп ойлаймын. Бұл жақта керісінше студенттер жиналып алып, мұғалімді күтіп отырамыз. Сабақ кестесін, сабақ ұзақтығын және оның қайда өтетінін ұстаз өзі шешеді. Мұғалімге қалай ыңғайлы болса, солай қойылады. Ұстаздық еткен адамға бұл жақтағылар ерекше ілтипатпен қарайды»,-дейді Ұлжан.  

ЕШКІМ СЕНІҢ «ШЕКАРАҢА» ҚОЛ СҰҚПАЙДЫ

Бүгінде Ұлжан Антальядағы Қазақстан консулдығында аудармашы болып жұмыс істейді. Сабақ пен жұмыстан тыс уақытта ол саяхаттағанды, кітап оқығанды жақсы көретінін айтты.

«Түркияның өз ішіндегі туристерге арналған жерлердің көпшілігін араладым. Одан бөлек, Испанияға қыдырып бардым, биылғы жаңа жылды Лондонда қарсы алдым. Жалпы Түркия мен Қазақстанды салыстырғым келмейді. Өйткені әр елдің өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Түріктер республика ретінде іргесін ерте қалап, дамуын бізден ерте бастады. 1923 жылдан есептеп қарасаңыз, алдағы үш жылда бір ғасырға толады. Алайда  бұл жерде де үлкен қалалар дамығанымен, шағын қалалар мен алыс-жақын аудандар, ауылдар әлі артта. Дегенмен қарапайым ғана қоғамдық көлік жүйесі, халықтың өзіне тән мәдениеті, сенің шекараңа жөн-жосықсыз қол сұқпайтыны ұнайды.

Еркіндік дегеннің не екенін осы жақта ұғынғандаймын. Еркіндік дегенім әдепсіздік тысына шығу емес, мен айтқан еркіндік – ой еркіндігі, сана еркіндігі, рухани еркіндік. Қазақстанда өмір сүріп жүргенде менің миымда шектеулер өте көп болатын. Тіпті, бір түнде заттарымды жинастырып, өзге елге саяхатқа шыға салу дегенді мүлдем миыма сыйдыра алмайтын едім. Қазірде қалауым болса, әлемнің кез-келген нүктесіне саяхаттай алатынымды білемін. Бастысы ниет, қалғанының бәрі өз ретімен болады», - деді ол ағынан жарылып.

ТҮРІК ЖІГІТТЕРІНІҢ БӘРІ БУРАК ЕМЕС

Ұлжан шетелдіктерді, олардың өмірін тым идеалға айнылдырмау қажет екенін алға тартады. Айтуынша, кейбір қыздар түрік жігіттерін сериалдағыдай деп қабылдап, кейін көңілдері қалып жататын көрінеді.

«Қазақ жігіттерінің бәрі Тәуекел Мүсілімге ұқсамайтыны сияқты, түрік жігіттері де шеттерінен Бурак емес (күліп). Түріктер біздің жігіттермен салыстырғанда, қыздарға ерекше құрметпен қарайды деген шаблонды стереотип. Себебі жұмыс барысында ажырасуға келіп жатқан неше түрлі отбасыны көремін. Оның үстіне түріктің еркектері қызғаншақ, әрі қызуқанды келеді.  «Жылтырағанның бәрі алтын емес» екенін ескерген жөн», - деді ол.

Сондай-ақ кейіпкеріміз кез келген шетелдікке қарап, оның елі, ұлты туралы көзқарас қалыптасады. Сол себепті қайда жүрсек те, туған елдің атына кір келтірмеуге тырысамыз дейді.

«Біздің топта бір конголық бұзық жігіт болатын. Соған қарап бәріміз «конголықтар бұзық» болады деп айтатынбыз қалжыңдап. Сол секілді шетелде жүргенде сен өз еліңнің бет-бейнесі боп жүресің. Саған қарап, өзге ұлттар «қазақтар осындай болады екен» деп баға беріп жатады. Өз еліңнің атына кір келтіргің келмейді, әрдайым баланста жүресің», - дейді Ұлжан.

ШЕТЕЛДЕ ӨМІР СҮРГІСІ КЕЛЕТІН ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНА КЕҢЕС

Бүгінде 27 жасқа келген журналист оқуын аяқтаған соң, Қазақстанға оралуды жоспарлап отыр.

«Бұл жақтағы жайлы өмірімді қимай қаламын. Бірақ ата-анам, бауырларым мен ортам Қазақстанда болғандықтан, оқуымды аяқтаған соң елге оралуды жоспарлап отырмын. Соңғы кездері Қазақстаннан көшіп, шетелде өмір сүргісі келетіндерін айтатын қазақ жастарын жиі кездестіріп жүрмін. Қай елде болсын оңай, жеңіл дүние жоқ. Мұнда сен бәрібір шетелдіксің. Менің де Түркияда қалғым келеді. Бірақ бәріміз шетінен тіл үйреніп, барған елде қала берсек, Қазақстанды кім дамытады?! Сондықтан жастарымыз Қазақстаннан қашып, шетелде рахат өмір бар деп жаңылмаса екен. Мұнда белгілі бір деңгейде демократия бар, бірақ өз іштерінде тура біздегідей проблема деген шаш етектен. Сол үшін шетел туралы қатты «романтикаға» берілмеуге шақырамын», - дейді.

Сұхбаттасқан – Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан