«Әкем мұсылман, ал мен Иса Мәсіхқа сенемін» - Қозыкөрпеш Есенберлиннің ашық сұқбаты
Жазушы Ілияс Есенберлиннің жалғыз ұлымен сұқбат
«Көшпенділер» трилогиясының авторы Ілияс Есенберлиннен тараған үш қыз, бір ұл бар. Ілиястың жалғыз ұлы Қозыкөрпеш Есенберлинді өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары халық табысты кәсіпкер, қазіргі қазақ бизнесмендері Нұрлан Смағұлов, Болат Әбілов, Райымбек Баталов және Нұржан Субханбердиндермен қатар қоятын. «Алем систем» компаниясының, «Әлем Банк» сынды ірі қаржы инситутының иесі ретінде таныды.
Қозыкөрпеш Есенберлин Алматыдағы №25 орта мектепте қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей саясаткері Владимир Жириновскиймен қатар оқыған. Ол қазақтың тарихи санасында сілкініс тудырған жазушының 100 жылдық мерейтойының атап өтілуіне, оның Алматыда әлі күнге дейін бір ескерткішінің жоқтығына қынжылады.
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне берген сұқбатында Есенберлиннің ұлы өзге дінде жүргенін ашық мойындайды. «Иегово куәгерлері» деп аталатын әлемде 8,6 миллион мүшесі бар діни ағымның табынушысы екенін жасырмай айтып берді.
Сұқбат барысында Қозыкөрпеш Ілиясұлы ірі бизнестен не үшін бас тартқанын, І. Есенберлин шығармаларының тарлымынан түсетін қаржының қайда кетіп жатқанын және балаларының қандай наным-сенімге жақын екенін де бүкпесіз айтады.
Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетінде өнімді еңбек еткен аса көрнекті жазушылардың бірі. Қазақ қаламгерлерінің ішінде шығармалары ең көп басылатын және жапон тіліне аударылған жалғыз жазушы.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы